Жаңа Салық кодексіндегі ең даулы норма қайта қаралуы мүмкін

28.03.2026 17:01 Қарақат АСЫЛОВА
Жаңа Салық кодексіндегі ең даулы норма қайта қаралуы мүмкін
269
Кәсіпкерлер сынаған нормаға Үкімет қайта оралуы мүмкін

Қазақстанда жалпыға бірдей белгіленген салық режимінде жұмыс істейтін компанияларға «жеңілдетілген» режимдегі бизнеспен әріптестік кезінде корпоративтік табыс салығы (КТС) бойынша шегерім қолдануға тыйым салу қайта қаралуы мүмкін, деп хабарлайды Politico.kz сайты Orda.kz-ке сілтемемен.

Бұл туралы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы төрағасының орынбасары Тимур Жаркенов мәлімдеді. Оның айтуынша, Премьер-министрдің орынбасары Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин бизнес өкілдерінің уәждерін тыңдап, жаңа ережелердің кәсіпкерлерге нақты әсерін жан-жақты талдауды тапсырған. Талдау нәтижесіне қарай үкімет тиісті шешім қабылдауы мүмкін.

Қазіргі таңда бірнеше нұсқа қарастырылып жатыр. Соның ішінде екі негізгі бағыт бар:

  • Жеңілдетілген декларация негізінде жұмыс істейтін бизнес үшін арнайы КТС мөлшерлемесін енгізу. Бұл жағдайда жеке компанияларға қызмет көрсетуден түскен табыс 6%, ал мемлекеттік органдармен жұмыс істегендегі табыс 12% мөлшерінде салық салынуы мүмкін;
  • Шағын және орта бизнестің жалпыға бірдей режимге өтуі кезінде салық есебін жеңілдету.

Алайда үкімет әзірге нақты қай нұсқаны таңдайтынын анықтаған жоқ. Соңғы шешім Парламенттің жаңа құрамы жасақталғаннан кейін, яғни шілде айынан ерте қабылданбайды деп күтілуде.

Еске салсақ, биыл қаңтарда күшіне енген жаңа Салық кодексінде арнайы салық режимдері реформаланды. Бұрынғы сегіз режимнің орнына үшеуі ғана қалды: өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін, жеңілдетілген декларация негізіндегі және шаруа немесе фермер қожалықтарына арналған режимдер.

Сонымен қатар, жеңілдетілген режимді таңдаған кәсіпкерлер үшін маңызды шектеу енгізілді: олармен жұмыс істейтін, жалпыға бірдей режимдегі компаниялар тауарлар мен қызметтерге жұмсалған шығындарды КТС бойынша шегерімге жатқыза алмайды. Бұл өз кезегінде «жеңілдетілген» режимдегі бизнеспен әріптестікті ірі компаниялар үшін тиімсіз етіп отыр.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий