«Командир мас күйінде болған»: Каспийдегі қайғылы оқиғаға қатысты жалған ақпараттар тарады

27.09.2026 • 15:14 Қарақат АСЫЛОВА
«Командир мас күйінде болған»: Каспийдегі қайғылы оқиғаға қатысты жалған ақпараттар тарады
756
Фото: Zakon.kz

Маңғыстауда әскери оқу-жаттығу кезінде болған қайғылы оқиғаға байланысты әлеуметтік желілерде жалған ақпарат пен түрлі қауесеттер таралып жатыр, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы хабарлады.

Орталықтың мәліметінше, әлеуметтік желілерде оқиғаға қатысы жоқ ескі бейнематериалдар қайта таратылып, жасанды интеллект көмегімен әзірленген контент жарияланған. Сонымен қатар қаза тапқан әскери қызметшілер мен олардың жақындарының қайғысын пайдаланып, расталмаған болжамдар қоғам назарына ұсынылуда.

Мамандар бірнеше кең тараған ақпараттың шындыққа жанаспайтынын атап өтті.

«Қаза болғандардың нақты саны жасырылып отыр» деген ақпарат – жалған. Іздестіру-құтқару жұмыстары барысында деректер нақтыланып, соңғы ресми мәлімет бойынша 14 әскери қызметші қаза тапқаны белгілі болды.

Әскери қызметшілер тікұшақтан десантталды деген ақпарат та расталмады. Тергеу деректеріне сәйкес, сарбаздар катер арқылы тапсырма орындаған. Оқу-жаттығудың ұйымдастырылуы, қауіпсіздік талаптарының сақталуы және жауапты тұлғалардың әрекеті қазір тергеліп жатыр.

Сондай-ақ қаза тапқан тікелей командирдің мас күйінде болғаны туралы мәліметтің ешқандай дәлелі жоқ екені айтылды. Командирдің өзі де әскери қызметшілерімен бірге қаза тапқан.

Әлеуметтік желілерде әскери қызметшінің денесін тасымалдау ретінде тараған видеоның да оқиғаға қатысы жоқ болып шыққан. Талдау нәтижесінде бұл бейненің қайғылы жағдайға дейін, тамыз айында жарияланғаны анықталған.

Ал Каспий жағалауында түсірілгендей әсер қалдырған тағы бір видео шын мәнінде Марокконың Танжер қаласында түсірілген. Автордың айтуынша, ролик Қазақстандағы оқиғамен байланысты емес.

Орталық мемлекет қайғылы оқиғаға қатысты ешқандай тергеу жүргізіп жатқан жоқ деген ақпаратты да жоққа шығарды. Оқиғадан кейін іздестіру-құтқару жұмыстары жүргізіліп, Үкіметтік комиссия құрылды. Қызметке салғырт қарау және кеме жүргізу қағидаларын бұзу фактілері бойынша қылмыстық істер қозғалған.

Бұдан бөлек, Президенттің тапсырмасымен Қорғаныс министрлігіндегі жағдайды кешенді тексеру жөніндегі арнайы комиссия жұмысын бастады. Комиссия әскери бөлімдердің ұйымдастырылуы, қаржылық және материалдық-техникалық қамтамасыз етілуіне баға беруі тиіс.

Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы азаматтарды әлеуметтік желідегі күмәнді мәліметтерге сенбеуге және ақпаратты ресми дереккөздерден тексеруге шақырды.

Айта кетейік, ҚР Қылмыстық кодексінің 274-бабына сәйкес көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.

Войдите, чтобы оставить комментарий