«Жанабыловтар ісі ушыға түсті»: Атышулы блогерлер 7 жылға сотталуы мүмкін

01.02.2026 10:34 Әсел Мұрат
«Жанабыловтар ісі ушыға түсті»: Атышулы блогерлер 7 жылға сотталуы мүмкін
233
Фото: әлеуметтік желіден

Танымал блогерлер Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегеноваға байланысты тергеу аясында тағы бір заңбұзушылық табылып, қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл жолы қылмыстық жауапкершілік пен қаражатты заңдастыру (жылыстату) күдігіне қатысты болып отыр. Осылайша Жанабыловтар ісі ушыға түсті.

Бұл туралы блогерлер отбасының адвокаты Жасұлан Рахымғалиев мәлімдеді. 

Оның айтуынша, ерлі-зайыптылардың әрекеті Қылмыстық кодекстің 214-бабының 2-бөлігі және 218-бабының 2-бөлігі бойынша сараланып отыр. Адвокаттың мәліметінше, әсіресе 218-бап, қылмыстық жолмен алынған ақша мен мүлікті заңдастыру дерегі бойынша қозғалған іс аса ауыр санатқа жатады және ол 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын көздейді.

Оның айтынша, тергеу органдары әлеуметтік желілер арқылы жиналған қаражатты заңсыз кәсіпкерлік нәтижесінде алынған кіріс деп бағалап, оны «заңдастыру» белгілерін анықтаған. Сонымен қатар, іс материалдарында прокурор тарапынан мемлекет мүддесіне қатысты талап-арыз тіркелген. Онда азаматтардан жиналған қаражатты мемлекет кірісі ретінде өндіріп алу мәселесі көтеріліп отыр.

«Біз белгілі бір деңгейде қорғау жұмыстарын жүргіздік, соның нәтижесінде сотқа дейінгі тергеп-тексеру органы тағы бір, анағұрлым ауыр бап қозғау қажет деген қорытындыға келді. Қазір Жанабыловтарға ақша қаражатын заңдастыру (жылыстату) бойынша айып тағылып отыр. Бұдан бөлек, бүгін біз істің ішінде прокурордың талап-арызы пайда болғанын білдік: яғни ол мемлекет мүддесі үшін қарапайым азаматтардан жиналған ақша қаражатын өндіріп беруді қалайды. Прокурордың пікірінше, бүгіннен бастап бұл қаражат мемлекеттік қаражат болып саналады. Бұл жағдайдағы ең қорқынышты әрі қауіпті нәрсе — қазір Жанабыловтарға қатысты бұлтартпау шарасы таңдалып жатыр. Қайсысы қолданылатыны әзірге бізге белгісіз», — деді адвокат Жасұлан Рахымғалиев.

Сондай-ақ ол қылмыстық жолмен алынған ақша және (немесе) өзге мүлікті заңдастыру (жылыстату) туралы бап 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын көздейтінін қосты.

Айта кетейік, бұған дейін, 15 қыркүйекте Астананың мамандандырылған ауданаралық соты Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегенованы лицензиясыз лотерея ұйымдастырғаны үшін әкімшілік жауапқа тартқан. Тергеу деректеріне сәйкес, олар әлеуметтік желілерде ақша, автокөлік және өзге де бағалы сыйлықтар тігілген ұтыс ойындарын тұрақты түрде өткізген.

Сот шешімінен кейін істің материалдары Қаржылық мониторинг агенттігіне жолданып, қаржы операцияларына қатысты қосымша тексеріс басталған. 

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться



Войдите, чтобы оставить комментарий