«Жасөспірімдерге сатылған»: Қарағандыда базардан 335 литр заңсыз ішімдік тәркіленді
Бір апта бұрын «Дала Қырандары» қоғамдық бірлестігінің Telegram-арнасына Қарағанды тұрғынынан хабарлама түсті, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Әйел адам жергілікті базарда акциздік маркасы жоқ, бес литрлік бөтелкелермен қолдан жасалған алкогольдің ашық сатылып жатқанын айтты.
Хабар түскен соң көп ұзамай қарағандылық қырандар бақылау мақсатында сатып алу жүргізді.
Сатушы 18 жастағы «қыранға» ешқандай құжат сұрамай, алкоголь өнімін еркін сатқан.

«Бізге келген ақпарат шындыққа сәйкес келе ме, соны тексергіміз келді. Өкінішке қарай, бәрі расталды. Сатушы кәмелетке толмаған ұйым мүшесіне еш кедергісіз алкоголь сатты. Бұл — ең қауіпті жағдай, өйткені дәл осындай немқұрайлылықтың салдарынан біздің жастар зардап шегеді», — деді қозғалыс үйлестірушісі Мейірболат Тойытов.
Алкоголь сату фактісі расталған соң, қарағандылық қырандарға көмекке Теміртау мен Астанадан келген еріктілер қосылды. Барлығы жүзге жуық адам рейдке қатысты. Заңсыз сату нүктесі «Алтын арба» базарында (8-қатар, 12-корпус) орналасқан. Әйел адам суррогат алкогольді контейнерден ашық сатып отырған.
Қоғам белсенділерінің шақыруымен базарға патрульдік полиция, учаскелік инспектор және криминалистер келді. Тексеру барысында 335 литр заңсыз алкоголь өнімдері тәркіленді. Контейнер мөрленіп, тауар сараптамаға жіберілді, тиісті арыз тіркелді.
«Алкоголь өнімдері нарығында нағыз бейберекетсіздік болып жатыр. Мұндай суррогатты менің құрдастарымның кез келгені оңай сатып ала алады. Ал ол пластик бөтелкелердің ішінде не бар екенін ешкім білмейді. Бізді, Қазақстанның болашағын, ашықтан-ашық улап отыр. Сол себепті мұндай рейдтерге өзіміз шығамыз», — деді рейдке қатысқан қырандардың бірі.

«Біз бүгін нақты әрекет етудің үлгісін көрсеттік. Тәртіп есеппен емес, іспен басталады. Біз мәселені көреміз — және оны шешеміз. Біреулер көзін жұмса, біз қоғамның көзін ашамыз», — деп түйіндеді қозғалыс үйлестірушісі Мейірболат Тойытов.
Тоқтаусыз жалғасып жатқан жұмыс
«Дала Қырандары» қоғамдық бірлестігі 2023 жылдан бері заңсыз алкоголь саудасын анықтау бойынша рейдтер жүргізіп келеді. Осы уақыт ішінде қозғалыс белсенділері ел бойынша мыңдаған литр суррогат өнімдерін тәркіледі.
Рейдтер жалғасуда. Ұйымның Telegram-арнасына келіп түсетін әрбір хабарлама жедел түрде тексеріледі, өйткені бұл — азаматтардың өмірі, денсаулығы мен қауіпсіздігіне қатысты мәселе.
Соңғы жаңалықтар