«Желтоқсандықтар – топас әрі ауылдықтар»: Қазақтарды қорлаған әйелді жұрт жазалауды сұрап отыр
Алматы тұрғыны Threads әлеуметтік желісінде қазақ халқына, Желтоқсан құрбандарына және Қазақстан мемлекетіне тіл тигізіп, үлкен даудың ортасында қалды, деп хабарлайды Politico.kz.
Қоғам белсенділері оны ұлттық араздықты қоздырғаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартуды талап етуде.
NewTimes.kz ақпараттық агенттігінің мәліметінше, желідегі жанжал Виолетта Паршина (violette_vita) есімді пайдаланушының жазбаларынан кейін басталған. Ол 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысқандарды «мас, топас және ауылдықтар» деп атаған. Әйелдің парақшасын ақтарғандар оның бұрыннан осындай жағымсыз пікірлер жазып жүргенін анықтады.


Мұнымен қоймай, автор Қазақстанды «жиіркенішті мемлекет» деп сипаттап, ел билігінің атына да бірқатар негізсіз, ауыр айыптаулар мен даттаулар жазған.


Қазнетте бұл жазбалар лезде тарап, жаппай наразылық толқынын тудырды. Желі қолданушылары әйелдің сөздеріне құқықтық баға беріп, оны ҚР Қылмыстық кодексінің 174-бабы («Ұлттық араздықты қоздыру») бойынша жауапқа тартуды сұрап, құқық қорғау органдарына үндеу тастауда.

Даудың салдары Паршинаның кәсіби мансабына да тікелей әсер етті. Желі белсенділері оның Алматыдағы жарнама агенттіктерінің бірінде директор қызметін атқарғанын анықтады.
Компания өкілдері қоғамдық қысымнан кейін Виолетта Паршинаның жұмыстан шығарылғанын және енді ұйымға ешқандай қатысы жоқ екенін ресми түрде мәлімдеді. Алайда бұл халықтың ашуын баса алмай, наразы топ 2ГИС қосымшасында аталмыш агенттікке жаппай теріс пікір жазып, компанияның рейтингін құлдыратып жіберді.
Қазіргі уақытта бүкіл қоғам назары полиция мен прокуратураның қабылдайтын шешімінде. Оқиғаның мән-жайы анықталу үстінде.
Соңғы жаңалықтар