Жетісу шенеуніктері шу шығарған жедел жәрдем қызметкерлеріне жауап берді (ВИДЕО)

27.11.2025 11:49 Арман Ермеков
Жетісу шенеуніктері шу шығарған жедел жәрдем қызметкерлеріне жауап берді (ВИДЕО)
0
195
Фото: бейнеден кадр

Жетісу облысының денсаулық сақтау басқармасы Талдықорғандағы жедел жәрдем қызметкерлерінің Президентке жасаған видеоүндеуіне қатысты ресми түсініктеме берді, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұған дейін ақ халаттылар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен министр Ақмарал Әлназароваға мұңын шағып, жалақының аздығы мен жұмыс жағдайының ауырлығын айтып дабыл қаққан еді. Алайда жергілікті билік өкілдері жағдайдың басқаша екенін алға тартуда.

Басқарманың мәліметінше, фельдшерлер мен жүргізушілердің жалақысы Үкімет бекіткен қаулылар мен министрлік бұйрықтарына сай, тиын-тиынына дейін есептеліп беріледі. Айлыққа қызметкердің санаты, еңбек өтілі және барлық заңды үстемеақылар қосылады.

Шенеуніктер қаржылық жағынан қысым жоқ екенін дәлелдеу үшін сыйақы мәселесін мысалға келтірді. Ресми жауапқа сүйенсек, 2024 жылы жедел жәрдем ұжымы мерекелік даталарға орай 7 рет сыйақы алған. Ал биыл, яғни 2025 жылы әзірге 2 рет қаржылай ынталандыру болған, жыл соңына дейін тағы да сыйақы беру жоспарланып отыр.

Ал кадр тапшылығы мәселесі расымен де бар болып шықты. Басқарма мамандарды тарту үшін Қарағанды, Семей және Алматыдағы ірі медициналық жоғары оқу орындарына хат жолдағанымен, өңірге келуге ниеттілер табылмаған. Бұл бағыттағы жұмыс енді 2026 жылы жалғаспақ. Әзірге бос орындарды дәрігер-қоса атқарушыларды шақыру арқылы жауып отыр.

Дау тудырған зейнет жасы мен медициналық тексеріс мәселесіне де нүкте қойылды. Билік өкілдері зейнетке шығу тәртібі жалпы республикалық заңнамамен реттелетінін, оны өзгерту жергілікті органның құзыретінде емес екенін ескертті. Ал медициналық тексеріске қатысты жауап қысқа қайырылды: қызметкерлер тексерістен өз қаражаты есебінен өтуі тиіс, жұмыс берушінің толық төлеуі нормативтік құжаттарда қарастырылмаған.

Сонымен қатар, үстеме жұмысқа қатысты да түсініспеушілік бар көрінеді. Басқарманың түсіндіруінше, егер қызметкер кесте бойынша немесе әріптесінің орнына өз еркімен кезекшілікке шықса — бұл үстеме жұмыс болып саналмайды. Үстеме ақы тек жұмыс берушінің арнайы бұйрығымен және қызметкердің келісімімен жұмысқа шақырғанда ғана төленеді немесе демалыс сағатымен өтеледі. Ал түнгі және мереке күнгі кезекшіліктер үшін ақы 1,5 есе мөлшерінде төленіп жатыр.

Еске сала кетейік, бұған дейін Талдықорған қалалық жедел жәрдем станциясының қызметкерлері жүйелі өзгерістерді талап етіп, жоғары жақтан көмек сұраған болатын.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий