Жезқазғандағы Қазақмыс кәсіпорындары бір айда 20 жөндеу жобасын сәтті аяқтады
Тамыз айында Қазақмыс корпорациясының Жезқазған өңіріндегі кәсіпорындарында жабдықтарды жөндеу бойынша 20 жоба сәтті аяқталды, деп хабарлайды Politico.kz.
Корпорация мәліметінше, аймақтағы өндіріс орындарында стационарлық жабдықтарды жөндеу тұрақты түрде жүреді. Бұл жұмыстар тозуды ерте анықтап, ақауды дер кезінде жоюға көмектеседі. Осылайша жабдыққа уақытылы техникалық қызмет көрсету өндірістің қауіпсіз әрі үздіксіз жұмысын қамтамасыз етеді.
Өткен айда жөндеу жұмыстары кеніш алаңдары мен Жезқазған байыту фабрикасын қамтыды. Жомарт кенішінде мамандар №3 және №5 магистральдық конвейерлерді қалыпқа келтірді. Сондай-ақ №2, №5 және №8 ұсатқыштарға жөндеу жүргізілді. Жұмысшылар ұсатқыштардың маңдайшасы мен қоректендіргіштерін жөндеп, скиптік көтергіштің тартқыш арқандарын ауыстырды. Бұған қоса конвейердің кермелі станциясы жөнделіп, теміржол бункерінің элементтері жаңартылды.
Оңтүстік Жезқазған және Батыс кеніштерінде көтеру мен ұсақтау жабдықтары кешенді түрде жөнделді. Мәселен, №65 шахтада арқан жетекті шкивтің футеровкасы жаңасына алмастырылды. Батыс кенішінің №67 шахтасындағы №4 конвейердің 1890 қума метр таспасы ауыстырылды. Сонымен қатар оның доңғалақтары мен доңғалақ тіреулері жаңартылды.
Жезқазған байыту фабрикасында да ауқымды жұмыс жүрді. Мұнда мамандар ұсатқыштарды, қоректендіргіш пен конвейерлерді жөндеуден өткізді. Жұмыс барысында ұсақтау жабдығының броньды элементтері, тораптары мен таспалары ауыстырылды. Тор асты науа жөнделіп, пластиналы қоректендіргіштің төсемі де жаңартылды.
Компания жоспарлы жөндеу жұмыстарын қыркүйек айында да жалғастырады. Батыс кенішінің №67 шахтасындағы 140-деңгейжиекте кен түсіргіштің маңдайшасын ауыстыру жоспарланған. Сондай-ақ сол жердегі ұсатқышқа жөндеу жүргізіледі. Жұмыс толық аяқталғаннан кейін барлық жабдық қайтадан өндіріске беріледі. Жүйелі жаңартулар өндірістік нысандардың тұрақты жұмыс істеуіне тікелей жағдай жасайды.
Соңғы жаңалықтар