«Мазақ қылатын адамдар бар»: қазақстандық ерекше жігіт жан сырын ақтарды

0
268

Ақтауда дүниеге келген Андрей Жаңаөзендегі балалар үйінде тәрбиеленген. Кәмелеттік жасқа толғанша отбасылық үлгідегі облыстық балалар ауылында тұрған. 25 жастағы ерекше жігіт – бүгінде Маңғыстау облысындағы танымал тұлғалардың бірі. Андрей мұндай танымалдыққа қалай келгенін және ата-анасыз өмірдің қаншалықты қиын екенін айтты, деп хабарлады Stan.kz Lada.kz-ке сілтеме жасап.

Айтуынша, ол туғалы ата-анасын көрмеген. Өзі қарапайым мектепте білім алған, сондай-ақ қазақ тілін жетік меңгерген. Қазақша еркін сөйлеуіне ортасы мен жанындағы достары ықпал еткен.

Кәмелет жасқа толған соң ол жақтан кеттім. Мемлекеттен пәтер бірден берілмегендіктен, студенттер жатақханасында немесе достарымның үйінде тұрдым. 9-сыныптан кейін Ақтау технологиялық қызмет көрсету колледжіне программист мамандығына оқуға түстім, – дейді Андрей.

Мамандығын меңгеріп шыққанмен, ол бойынша жұмыс істемеген. Есесіне, «Жайдарман» қазақ КВН лигасына қатысып, әлеуметтік желіде парақша ашып, оны дамытып, блогер болуға бел байлайды. Андрейдің TikTok парақшасында оқырман саны 253 мыңға жетсе, Instagram-да 29 мың оқырманы бар.

2017 жылдан КВН-де ойнадым. 2018 жылы мені Ақтаудан Алматыға алып кетті. Содан бері блогерлікті қолға алдым. Түрлі видео түсірдім, кейін «Малой братан» деген сериалға түстім. Бұл менің танымал болуыма үлкен үлес қосты, әлеуметтік желіде оқырман саны да өсті, – дейді жігіт.

Андрейдің жанында әнші достары оған студияда ән жазып, той-томалақта өнер көрсетуіне болатынын айтқан. Сөйтіп ол блогерліктен бөлек, тойларда қазақша ән айтып, нәпақасын тауып жүр. Бұл оның Қазақстанның басқа қалаларын аралауына жол ашады. Бүгінде Андрейдің Ақтау, Жаңаөзен, Алматы, Тараз, Шымкент, Атырау, Көкшетау, Астана қалаларынан достары көп.

Блогер спортпен айналысып, саламатты өмір салтын ұстанатынын айтып қалды. Тіпті, мұнысымен әлеуметтік желіде де бөліседі. Бірақ айналадағы адамдар өзін мазақ ететіндіктен, тек үйде шұғылдануға мәжбүр екен.

Спортпен үйде шұғылданамын. Музыка қосып, жаттығу жасаймын. Көп адам «Бойың неге кішкентай?» деп сұрайды. Мен адамдардың ондай сұрақ қойғанын қаламаймын, маған ұнамайды. Мазақ қылатын адамдар бар, сол себепті сыртта жаттығу жасамаймын. Мен оларға ештеңе демеймін, бірақ көңіліме тиеді, – дейді Андрей.

Ол өзі секілді ерекше жандарға қолдау көрсетіп, әлгіндей мысқылшыл адамдарға көңіл аудармауға кеңес берді.

Сені құрметтеп, сыйлайтын адамдардың одан көп екенін біл. Бәріне денсаулық, жақсылық тілеймін. Ата-аналарыңды сыйлаңдар, достарыңды бағалаңдар, әр үйде махаббат орнасын, – деді блогер.

Әлеуметтік желіде позитивті насихаттайтын ол кейде шаршап, қиналатын кездері болатынын да жасырмады.

Өзім жалғыз тұрамын, кейде қиналып кетемін. Бірақ мен бәрін өзім істеймін: киінемін, тамақтанамын, ақша табамын. Тұрмыста да шаруалар өз мойнымда. Жанымда мені қолдайтын достарым бар, – дейді Андрей.

Ол болашақта блогы мен шығармашылығын дамытқысы келеді. Сондай-ақ Ақтаудан үй алып, жеке кәсіп ашқысы келетінін айтты.

Қазір мемлекеттен жәрдемақы алғанмен, тек коммуналдық қызметтің өзіне 25 мың теңге төлейді. Ал бұл – жәрдемақының үштен бір бөлігі.

Фото: instagram.com/maloii.bratan



ПІКІР ЖАЗУ