Баласын жалғыз тәрбиелейтін экс директор 2 жылға сотталды, бірақ түрмеге бірден түспейді

14.09.2026 11:56 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Баласын жалғыз тәрбиелейтін экс директор 2 жылға сотталды, бірақ түрмеге бірден түспейді
106
Фото: can.alschool.kz

Алматыда арнайы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларды қолдау орталығының бұрынғы директоры Дархан Әжібеков бюджет қаражатын жымқырғаны үшін 2 жылға бас бостандығынан айырылды. Алайда кәмелетке толмаған баласын жалғыз тәрбиелейтініне байланысты сот жазаны өтеуді 5 жылға кейінге қалдырды, деп хабарлайды Politico.kz.

Журналист Михаил Козачковтың жазуынша, 50 жастағы Дархан Әжібеков қиын өмірлік жағдайға тап болған балаларға арналған арнайы мекемені басқарған.

Бұл орталықта жетім балалар, ата анасының қамқорлығынсыз қалғандар және қорғаншылық органдарының шешімімен отбасынан уақытша алынған бүлдіршіндер тұрады.

Мекеме Білім басқармасы арқылы бюджеттен қаржыландырылады.

Козачковтың мәліметінше, директор бюджет қаражатының бір бөлігін жалған қызметкерлерді жұмысқа рәсімдеу арқылы иемденген.

Әжібеков қажетті адамдарды өзі тауып, олардың атына зейнетақы жарналары түсетінін айтқан. Ал жалақыларын балалардың қажетіне жұмсаймын деген желеумен өзі алып отырған.

Жалпы осындай 6 адам жұмысқа тіркелген.

Олардың арасында күзетші, шаштараз және жұмысқа мүлде келмеген психолог та болған.

Мемлекет бұл қызметкерлерге жалпы шамамен 6,5 млн теңге жұмсаған.

Журналистің мәліметінше, соның 5,3 млн теңгесін Әжібеков өзі алған.

Сотта бұрынғы директор қаражатты жеке пайдасына емес, тәрбиеленушілердің қажетіне жұмсағанын айтып, әрекетін балалардың мүддесімен түсіндірген.

Іс анықталғаннан кейін ол келтірілген шығынды толық өтеген және соттан бас бостандығынан айырмауды сұраған.

Алайда сот Дархан Әжібековті қаражат жымқырғаны үшін кінәлі деп танып, 2 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

Сонымен бірге оның кәмелетке толмаған баласын жалғыз тәрбиелейтіні ескерілген.

Осыған байланысты сот жазаны өтеуді 5 жылға кейінге қалдырған.

Козачковтың жазуынша, егер осы мерзім ішінде Әжібеков заң бұзбай, өзін тиісінше ұстаса, кейін нақты жаза шартты жазаға ауыстырылуы мүмкін.

Осылайша жазаны кейінге қалдыру тек аналарға ғана емес, кәмелетке толмаған баласын жалғыз тәрбиелейтін әкелерге де қолданылатыны белгілі болды.

Сот үкімі заңды күшіне енген.

Дархан Әжібеков деген кім?

Әжібеков Дархан Сайранұлы
Жалпы ақпарат, білім
Туған күні: 1976 жылғы 15 тамыз
Туған жері- Кызылорда обылысы, Жалағаш ауданы, Аққыр совхозы
Ұлты-қазақ
Білімі-жоғары
Оқу орнын бітірген жылы және оның атауы
1997 жыл - Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университеті
1999 жыл - Қорқыт-Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті

Мамандығы бойынша біліктілігі
Казахский Государственный Университет им. Кирова
Экология және мониторинг
Қорқыт-Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті
География және халықаралық туризм
Мансап
15.06.1999 / 20.12.1999 Қызылорда обылысның экология басқармасы инспектор
25.12.1999 / 03.01.2003 – «Мамытов» қант зауыты ТҚ және инженер эколог
05.01.2003 / 15.08.2004 – Қызылорда обылысының орман және жануарларды қорғау басқармасы жетекші маман
16.01.2005 / 16.01.2007 - Қызылорда қаласының орман және жануарларды қорғау басқармасы бөлім басшысы
17.01.2007 / 05.09.2008 – «Консалтинг Аудит» ЖШС аға аудитор
06.09.2008 / 10.04.2010 – Коммерциялық қызметпен айналысқан
10.04.2010 / 01.08.2014 - «Әлеуметтік мекемелерінің түлектерін бейімдеу және қолдау орталығы «Жастар үйі» КММ – жетекші тірбиеші
01.08.2014 / 27.08.2020 - «Әлеуметтік мекемелерінің түлектерін бейімдеу және қолдау орталығы «Жастар үйі» КММ – директордың орынбасары
27.08.2020 / 19.04.2021 - «Әлеуметтік мекемелерінің түлектерін бейімдеу және қолдау орталығы «Жастар үйі» КММ – директордың міндетін атқарушы
19.04.2021 / 17.06.2021 – «Қиын өмір жағдайдағы балаларды қолдау орталығы» КММ – директордың орынбасары
17.06.2021 / 05.08.2021 – «Қиын өмір жағдайдағы балаларды қолдау орталығы» КММ – директордың міндетін атқарушы
05.08.2021 / 02.09.2024 «Әлеуметтік мекемелерінің түлектерін бейімдеу және қолдау орталығы «Жастар үйі» КММ – директордың міндетін атқарушы
2024 жылдың 14 қыркүйегінен бастап Алматы қаласы Білім басқармасына қарасты «№1 арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларды қолдау орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директорының міндетін атқарушы лауазымында болған.

Войдите, чтобы оставить комментарий