Өндіргенімізді шетел асырып, өзімізге керегін сырттан таситынымыздың себебі белгілі болды

0
82

Шикізат мәселесіне келгенде Қазақстанда бір парадокс бар.

Мұнай-газ бен астық саласындағы ахуал да соңғы кезге дейін сондай боп келді. Өзімізге жетпесе де, экспортқа жөнелтіп, сосын сол жақтан алдырып, дефицит жапқан кезіміз аз емес.

Шетел асқан шикізат

Әуелі мақтанып алайықшы. Әлемдегі ең қымбат металды экспорттайтын жалғыз ел – Қазақстан. Ол металл «осмий-187» деп аталады. Бізден басқа АҚШ, Ау­стралия, Колумбия, Канада сынды ғана елдерде өндірілетін бұл қазба байлықты 2004 жылдан бастап экспортқа шығарып келеміз. Қазіргі бағасы – граммына 10-20 мың доллар шамасында. Бір кездері ол 100-200 мың долларға дейін шарықтаған екен. Сол шақта мемлекет бюджетіне едәуір қаражат құйылған. Өйткені, осмий өндірісі мемлекеттің меншігінде. Алтыннан 300 есе қымбат моноизотопты бұл металл радио­активті емес, әрі өндірісі де оңай. Жезқазғандағы мыс рудаларының қалдықтарынан алынады. Қандай да бір қорытпаға араластырса, болаттан да берік етіп шығарады.

Сондықтан адамзат Марсқа ұшатын болса, ғарыш кемесі осы осмий қорытпа­сынан жасалуға тиіс. Ендеше Қазақстан бұл металды экспорттау арқылы технология­лық өркениеттің дамуына өлшеусіз үлес қосып отыр деп мақтанышпен айтуға болады.

Ол аз десеңіз, вольфрам қоры бойынша да Қазақстан әлемде 1-орында. Хром кенінен – 2, қорғасын, мырыш, барит бойынша – 5, мыс шикізатынан – 12 және алтын кені көлемінен 15-орында.

Одан бөлек, марганец, күміс, уран қорының да мол мөлшері бар. Сол сияқты бериллий, висмут, галий, гафний, германий, индий, кадмий, литий, ниобий, селен, скандий, таллий, тантал, теллур, цирконий, рений, ванадий, лантан, церий, иттрий сынды руда қорлары да аз емес. Мәселен, әлемде сирек кездесетін литий металының елімізде алты кен орыны бар.

«Соңғы кезде елімізде сирек кездесетін металдарды өндіруге деген қызығушылық артып отыр. Сол мақсатта 12 жаңа учаскені зерделеу жұмыстары жүргізілуде. Әрине, жер байлығынан ел қазынасына табыс құйылғаны жақсы болар, бірақ бірқатар экологиялық, технологиялық, инвестициялық проблемалар барын ұмытпау керек. Оның сыртында ұйымдастырушылық, инфрақұрылымдық, геологиялық та мәселелер тұр. Мысалы, жер қойнауын геологиялық зерттеуге лицензия беру процестерін оңайлату, бюрократиялық кедергілерді азайту саланың инвестициялық тартымдылығын арттырар еді. Ал инфрақұрылымдық кедергілерді жою, автомобиль және темір жолдарды, энергетикалық желілерді қоса алғанда, көлік желісін дамыту шалғай кен орындарына қатынауды оңайлатып, операциялық шығындарды азайтады. Кадрлар даярлау да кезек күттірмейтін шаруа», – дейді сенатор Андрей Лукин.

Әрине, жер қойнауындағы сирек кездесетін металдарды игеру ел экономикасына жаңа тыныс қосары рас. Тіпті, осынау құнды ресурстардың әлемдік нарығына да елеулі әсер етуі мүмкін дейді мамандар. Осы мақсатта Үкімет саланы дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған Кешенді жоспарын бекітіп те қойған.

Қазір шетелдік инвесторларды тарту бойынша қарқынды жұмыс жүргізуде. Оңтүстік кореялықтардың елімізден литийдің мол қорын таптық деп әлемге жар салуы соның бір айғағы болса керек. Алайда, шикізат саясатына тек экспорттың көзімен қарамаған жөн. Өйткені одан экономиканың күрпіп, әлеуметтік саланың шалқып кеткен ештеңесі жоқ.

Мәселен, былтыр еліміздің сыртқа тауар сату көлемі 78,7 млрд АҚШ долларын құраған. Соның ішінде металлургия және химия өнеркәсібі, атап айтқанда, таза мыс және мыс катодтары, ферроқорытпа, уран, мұнай өнімдері, өңделмеген мырыш пен алюминий, ыстықтай жаймаланған металл табақ бұйымдар және табиғи газ ең көп сұранысқа ие болған. Ал жалпы Қазақстан Еуропалық Одақ бекіткен аса маңызды шикізаттың 19 түрін өндіреді.

Олар көбінесе Қытай, Ресей, ЕуроОдақ, АҚШ, Қырғызстан, Оңтүстік Корея, Өзбекстан, Сингапур, Түркия елдеріне тасымалдануда. Шетелдік тұтынушылар, әсіресе, елімізде өндірілген бидай ұнын, күнбағыс майын, минералды тыңайтқыштарды үлкен ықыласпен сатып алады екен.

Енді жанды жабырқатар тұстарға тоқталайық. Расына келгенде, өндіру машақатын біз тартатын жер асты байлығының рахатын шетелдіктер көріп отыр. Мәселен, Қазақстанның өндірушілері еуропалық нарыққа бериллий, тантал, титан, аммоний, фосфор сияқты өнімдерді жеткізеді. Ал мыс өндірісі бойынша Қазақстан әлемнің үздік 10 елінің қатарында. Десе де олардың басым бөлігін өндіріп жатқан шетелдік алпауыт компаниялар.

Сол сияқты биыл Түркия қазақстандық катодты мысқа деген сұранысты екі есе арттырды. Осылайша, биыл қаңтарда мұндағы экспорт көлемі 29,2 мыңнан 41,7 мың тоннаға дейін, яки 42,9%-ға өсті. Еліміздегі катодты мыстың негізгі өндірушілері – «Қазақмыс Смэлтинг» (Жезқазған), «Қазмырыш» (Өскемен), «Коунрад Мыс компаниясы» (Балқаш).

Түркия біздің катодты мыстан электротехникада қолданылатын жоғары сапалы электр кабельдері мен сымдарын өндіруде. Шындығын айтқанда, мыстан өзге де елімізде никель, кобальт, марганец және литий сияқты аккумуляторлық шикізат өндірісінің кластерін ұйымдастыруға толық мүмкіндік бар. Бұл прекурсорлар қарқынды өсіп келе жатқан электромобильдер өндірісі үшін шикізаттың негізгі көзі болар еді.

Отандық өнімнің шетелдік шикізаты

Қазір бәріміздің кигеніміз де, ұстағанымыз да, таққанымыз да – жағалай импорт. Ең азы іш киім мен шұлығымыз да сондай.

Осылайша, импорттаушы сол мемлекеттердің экономикасын қаржыландырып жатырмыз. Ал шындығында шеттен келетін көптеген тауарды өзімізде де өндіруге болар еді.

Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сүйенсек, елімізде  импорталмастыруға болатын тауарлардың 6,5 мың позициясы бар екен.

Былтыр солардың импорты 53,6 млрд АҚШ долларын құраған. Соңғы бес жылда (2018-2023 ж.ж.) олардың саны да (1,8 есе), бағасы да (3,2 есе) өсіпті. Сол сияқты Қазақстан нарығында жұмыс істеуге тілек білдірген импортер-компаниялар саны да осы кезеңде 41,4 мыңнан 114,6 мыңға артқан. Елімізде отандық өнім іздесеңіз – өте аз, ал табылғанының бағасы удай. Сапасы орташадан жоғары, бірақ шикізаты – шетелдікі. Жергілікті қай тауарды алсаңыз да, басым көпшілігінде осы кеп.

Шымкент қаласында «Назар-Текстиль» ЖШС деген кілем-тоқыма фабрикасы бар. Кілем, кілемше, төсеніш, дорожка, ковролан, полик сынды өнімнің 300-ден астам түрін шығарады. Бірақ, жіп иіретін синтетикалық гранулаларын көбіне Түркиядан, арасында Ресейден алдырады. 2025 жылы олар полиэстер жіп иіру зауытын салуды қолға алмақшы. Шикізатты Атырау полипропилен зауытынан алуға үмітті. Сол сияқты Шымкенттегі шыны ыдыстар шығаратын зауыт та шикізат үшін шетелге телміріп отыр.

«Біздің зауыт жылына 210 миллион шыны ыдыс шығарады. Олар – пайдалану аясы кең, түрлі пішіндегі жоғары сапалы шөлмек бұйымдар. Көлемі – 200 милилитр мен 3 литр арасы. Әйтсе де, шикізат проблема. Тек құм мен мәрмәр тасты ғана жергілікті жерден аламыз. Қалғаны сырттан келеді. Мәселен, шпатл, доломит, сода сынды тағы да басқа өнімдер керек. Бұл шикізаттарды Қазақстанда да өндіруге болады. Тек соны жолға қойса, шетелге тәуелділіктен арылар едік», – дейді «Еврокристал» ЖШС коммерциялық директоры Елена Журавлева.


ПІКІР ЖАЗУ