Неге елімізде бір зат арзандаса, бес зат қымбаттайды…

0
59

Инфляция – тоқтаусыз үдеріс. Бағаның өсуі мен құлдырауына түрлі факторлар әсер еткенімен, адам тек «қымбатшылықты» ғана тілге тиек ететіні рас,-деп хабарлайды politico.kz

Елімізде жылдық инфлияция тағы да біршама төмендеп, мамыр айының көрсеткіші бойынша 8,5%-ды құрады. Алайда, инфляцияның түскеніне қарамастан кейбір тауар түрлері мен ақылы қызметтің бағасы 0,4%-ға өсті.

Бір айта кетерлігі, ұзақ жылдан кейін азық-түлік бағасы биыл ғана 0,2%-ға арзандады. Рас, бұл арзандау тұтынушыларға үлкен жеңілдік әкелмейді, десек те салыстырмалы түрде алғанда азық-түлік бағасының үнемі тоқтаусыз өсуі біршама толастады.

Есесіне, елімізде ақылы қызмет көрсету саласы 13,9%-ға өсіп, коммуналдық қызмет те аспанға шарықтап шыға келді. Мәселен, кәріз ақысы 43,9%, суық су 35,9%, ыстық су 35%, жылу 33%, электр энергиясының бағасы 31,4%-ға қымбаттады.

Ал, көкөніс және азық-түлік қоржынына келер болсақ, ауыл шаруашылығы өнімдері 5,5%-ға өсіп, сәбіз 18,4% және күріш 17,4%-ға қымбаттағанын, тиісінше пияз бағасы 42,9%, күнбағыс майының 24,7%-ға арзандағанын байқауға болады. Қарағанды, Маңғыстау облыстары мен Астана қаласында инфляция деңгейі біршама көтерілгені де сезілді.

Республика бойынша жекелеген тауарлар мен қызмет түрлеріне қатысты баға индикаторы біршама толастағанымен, әсіресе ақылы қызмет түрлеріне соңғы айда сұралған баға 1%-ға өсіп, ел көлемінде 13,9%-ға қымбаттаған. Сондай-ақ, киім-кешек құны да 0,5%-ға көтерілген.

Денсаулық сақтау саласы 14%, ұялы байланыс пен қызмет көрсету салондарында 12,4%, демалыс және спорт саласы бойынша 12,1%, ал, ритуалды қызмет 11,9%-ға қымбаттады.

ТМД бойынша ең қымбат такси қызметі бізде еді, ол аздай соңғы бір жыл ішінде еліміздегі такси қызметі 11,7%-ға қымбаттады, сонымен қатар, қоғамдық көліктегі жол жүру ақысы 9,3%, пойыз билеті 5,9% және қалааралық автобус қызметінің бағасы да 4%-ға өсті.

Нарықта азық-түлік түрлерінің кейбірі арзандағанымен, өндірістік тауарлар бағасы бірден 7,6%-ға секірді. Әсіресе, өзімізде құрастырылған көлік бағасы 13,4% шықса, отандық дәрі-дәрмектің өзі 11,5%-ға қымбаттаған. Одан өзге, жиһаз бен үйге арналған мүліктер 11%, киім-кешек 10,8%, гигиеналық тауарлар 8,9%, құрылыс материалдары 6,3%, ыдыс-аяқ 5,2%, күнделікті тұтынып жүрген газ баллоны 10,8%-ға бағасы өсті.

Көктемнің соңғы айында минералды және ауыз су 16,9%, газдалған сусындар 13,3%, арақ-шарап пен темекі 13,1%-ға, балық 11,7%, сары май 11,2%, кондитерлік өнімдер 10,9% және жоғары сұрыпты нан өнімі 10,6%-ға күрт қымбаттады. Әрине, бұл көпшіліктің кеңінен тұтынатын тауары болғандықтан, халқымыздың қалтасынан айтарлықтай салмақ түсері анық.

Қарақұмық (23,9%), қырыққабат (18,1%), құмшекер (4,9%) бағасы кішкене түскенімен, ол уақытша көрсеткіш. Аталған тауарлар күзге салым бірден қымбаттап шыға келетіні белгілі.

Қорытып айтар болсақ, мамыр айының қорытынды есебі бойынша жылдық инфляция деңгейі еліміздің он аймағында айқын көрініс тапты.

Күнделікті тұтынатын тауарлар мен қызмет көрсету саласындағы қымбатшылық салмағы әсіресе Қарағанды (10,5%) мен Маңғыстау (10,2%) облыстары мен Астана (10,4%) қаласында айтарлықтай сезілді.

Алматы қаласында былтырғы жылдың мамыры мен осы жылдың мамыры аралығында тауар бағасы 9%-ға, Шымкентте 7,7% мөлшерінде қымбаттаған. Тек, Алматы облысында ғана инфляция деңгейі жыл бойы 5,6%-ды көрсетті.

Еске сала кетер болсақ, былтырғы жылдың басында мамандар елімізде инфляция қарқынды жүреді деп болжам жасаған еді.

Бағымызға орай, қымбатшылық деңгейі дабыл қағатындай қауіпті кезеңнен аспады. Десек те, жуырда дәрі-дәрмек пен медициналық өнімдерге қойылатын «міндетті таңбалау талабы» елімізде баға тұрақсыздығының жаңа толқынын тудыруы мүмкін.


ПІКІР ЖАЗУ