«Нүкенованың күйін кешемін бе деп қорқамын»: тағы бір әнші жеке мәселесін айтты

0
879

Әнші Индира Елемес «Мамский әңгіме» подкастында жеке өмірінен сыр шертті. Айтуынша, ол қазір өзінен 19 жас үлкен күйеуінің бақылауынан шаршаған көрінеді, деп жазды politico.kz.

Менің Индира Елемес болып қалыптасуыма күйеуімнің еңбегі зор. Оған тұрмысқа шыққаннан кейін тойға шығуды ұмыттым. Тек сахнада өнер көрсеткенімді қалады. Оған да келістім. Ол кісінің түсінігінше, табыс сахнадан да түседі. Тіпті бір жыл тек үйде отырдым. Үйленгеннен бір айдан кейін бақылауды күшейтті. Оған дейін анамның ғана бақылауын естігенмін. Бақылау болғанда, ана болғасын баласын уайымдайды. Барлық мамалар секілді, қайда жүрсің, қашан келесің деген әңгіме ғой. Жолдасым телефонымды ақтара бастады. Әлеуметтік парақшамның құпиясөздерін сұрады. Шынымды айтсам, қазір ешқандай әлеуметтік желідегі парақшаларымның құпия сөзін білмеймін. Жеке нөмірім де жолдасымның атына тіркелген, – дейді әнші.

Сол себепті өзі үнемі қорқынышпен күн өткізіп жүрген көрінеді. Күйеуін ренжітіп алуға дәті бармайды екен.

Бір уақытта TikTok шыққан кезде менің түсірген контенттерім көп қаралым жинай бастады. Бірақ өзімде жеке парақша болмады. Соны бір күні жолдасыма айтқанда, «Ол жақта бұзылған қыздар отырады» деді. Содан қайтып ол әңгімені қозғаған емеспін. Міне, осындай әңгімелер кезінде ұрыс шығып кетсе, мен қатты қорқамын. Бір күні ашайын деп сұрағанымда, құпиясөзін өзіне жазып алды. Міне, осындай өмірді сүріп жатырмыз. Қатты шаршап кеттім. Тіпті, телефонына локатор, көлігіме GPS орнатып қойды. Таныстарым көріп, шок болған. Өзім де басында таңғалдым, кейін үйреніп кеттім, – дейді Индира Елемес.

Осындай жағдайлардың күрделене түсуі салдарынан ол ажырасуға дайын екенін де жасырмады. Бірақ күйеуі оның бұл шешіміне де келіспеген.

Мен Салтанат Нүкенованың күйін кешемін бе деп қорқамын. Шатасып кеткен жіп секілді отырмын. Бірақ тынысым тарылып барады. Бір күні «Ажырасамын сенімен!» деп ұрыс шығардым. «Ажалың менен болады» деді. Ол өлтіремін деген сөз емес пе?! Балаларым үшін қорқамын, – деп налыды әнші.

Еске сала кетсек, Индира Елемес бұрын-соңды еш жерде мұндай жеке мәселесін айтпаған болатын. Қазір шыдамы шегіне жеткен сияқты. Ол туралы өзі де осы сұхбат барысында айтып өтті.

Мен бұрын «жеке өмір жеке болып қалуы керек» деп ойлайтынмын. Өнеріммен, әніммен халықтың жүрегінен орын аламын деп қана ойладым. Сөйтсем, мүлде олай емес екен. Өзім шынайылықты жақсы көремін. Әлеуметтік желіде әншілігім туралы емес, жеке өмірім туралы өте көп сұрақ келетін. Статусыңыз қандай, неше балаңыз бар, қай жылдан бері тұрмыстасыз деген сияқты. Мәссаған деп таңғалдым, – деп түйіндеді сөзін әнші.

Фото: Youtube



ПІКІР ЖАЗУ