Қоқыс реформасы басталды ма?

0
87

Биылдан бастап 3 жыл мерзімге қайта өңдеу саласына 200 млрд теңге бөлініп отыр.
Қазақстанда жыл сайын қоқыс полигондарына төгілетін 100 мың тонна пластиктің тек 3,5 мың тоннасы ғана қайта өңделеді екен. Қалған бақандай 96,5 мың тоннасы қайда кететіні белгісіз. Ал шындығында осы қалдықтарды ұқсата білсе, қомақты табыс тауып, қайта өңдеу саласын экономикалық айналымға шығаруға болады. Әрі экологияға да пайдалы.

Мұны мемлекет те шындап қолға ала бастағанға ұқсайды. Биылдан бастап 3 жыл мерзімге қайта өңдеу саласына 200 млрд теңге бөлініп отыр.

Алқалы жиынның берері көп

Жыл сайын еліміздің полигондарында шамамен 4,5-5 млн тонна қатты тұрмыстық қалдықтаржиналады екен. Соларды сұрыптау және қайта өңдеу әзірге 24% боп тұр. Үкімет болса «2030 жылға дейінгі жасыл экономикаға көшу концепциясына» сәйкес осындағы үлесті 40%-ға дейін жеткіземіз дегенмақсат қойып отыр. Ал шындығында бар өндірістік қуаттың өзін ұстап тұру мұңға айналған. Айталық,елімізде қазір ПЭТ қалдықтарын өңдеп, өндірісте қолданатын 12-ге жуық кәсіпорын бар десек, олар 25-30% ғана жүктемемен жұмыс істеуде. Мұның бір себебі – қалдықтардың аздығы. Қайталама шикізат деп пластик, макулатура, шыны сынықтары, резеңке қиындылары, қаңылтырлар және тағы басқаларды айтар болсақ, оларды қайта өңдеушілердің де басындағы кеп осындай. Біріншіден, жеткілікті көлемде сапалы шикізатпен қамту жағы кемшін. Бұл отандық зауыттарға тұрақты жұмыс істеуге мүмкіндік бермей отыр. Ол үшін қолданыстан шыққан қайталама шикізатты жинау жұмыстарын жолға қою қажет. Әйтпесе олар басқа қоқыстармен араласып, полигондарда көміліп қалуда. Екіншіден, көрші елдермен салыстырғанда мұнда сауда шарттары тең емес. Өзбекстан 2013 жылдан бері ПЭТ қалдықтары мен қайта өңделген материалдарды экспорттауға тыйым салған. Бұл тыйым өзбек өңдеушілерін қажетті шикізатпен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Себебі аталған қалдықтарды құрылыс материалдарын (геотекстиль, геокомпозит, геомембран және т.б.) өндіруде, тоқыма өнеркәсібіне арналған штапельді талшықтар жасауға, ПЭТ контейнерлерін құрастыруға, сонымен қатар оны флекс түрінде шетелге экспорттауға болады. Осы арқылы қалдықтарды сырт елге тиынға сатпай, қомақты қаржы табуға болады. Үшіншіден, шикізат пен дайын өнімге әр түрлі кедендік ставкалар мен валюта бағамындағы айырмашылықтардан туындаған демпинг проблемасы бар. Нәтижесінде мұндайфакторлар қазақстандық қайта өңдеушілердің бәсекеге қабілеттілігін төмендетіп, нарықтағы үлесін жоғалтуға алып келіп отыр. Сондықтан да бұл мәселе таяуда «Қазақстанда қайталама шикізатты қайта өңдеу: даму проблемалары мен перспективалары» тақырыбында Астанада өткен гибридті форматтағы халықаралық конференцияда талқыланды. Жиынға еліміздің және халықаралық спикерлер қатысты. Қоқысты қайта өңдеу тек қоршаған орта емес, бизнес үшін де пайдалы екендігі сөз болды.

«Еліміздің қоқыс полигондарына төгілетін 100 мың тонна пластиктің тек 3,5 мың тоннасы ғана қайта өңделеді дедік. Ал қалған 96,5 мың тоннасы қайда? Егер сыртқа әкетілген болса, құжаты болу керек қой. Жерге көмілген болса, онда Экологиялық кодекске қайшы. Бұл заңнаманың бір тұстары толық жұмыс істемей тұр дегенді білдіреді. Сол себепті біз ұзақ жылдардан бері Үкіметке МЖӘ тетігін күшейту арқылы полигондар мен отандық қайта өңдеушілердің арасында орнықты байланыс орнату, салықтар мен кредиттер бойынша преференциялар беру, Қазақстанның барлық қалаларында отандық қайта өңдеушілердің қатысуымен қоқыс сұрыптау желілерін іске қосу, тіпті осы саладағы мәселелердің барлығын қамтитын Жол картасын әзірлеу жөнінде мәселе көтердік.

Осы ретте бүгінде оң шешімдер бар, мысалы, «EcoQolday» бағдарламасы жақсы нәтиже беріп жатыр. Наурыз айында «Өнеркәсіпті дамыту қоры»арқылы «жасыл» жобаларға жылдық 3%-бен кредит беру туралы Үкімет Қаулысы күшіне енді. Соның аясында Экология министрлігі 2024-2026 жылдарға бағдарлама дайындап, «Жасыл даму» арқылы саланың дамуы үшін 200 млрд теңге субсидия бөліп отыр. Бұл Қазақстан тарихында болмаған нәрсе.Соның негізінде бүгінгі таңда аймақтар бойынша 94 жобадан тұратын пулл жасақталды. Оның 37-сі алдын ала мақұлдаудан өтті. Десе, де бұл қаржы тек қана «жасыл» жобаларға қарастырылғанын баса атап өткім келеді.

Биыл бұл жұмыстар жандана түспек. «Жасыл даму» оның операторы болмақ. «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ-мен тығыз жұмыстар жүруде. Бірінші кезекте жергілікті атқарушы билікпен қажетті инфрақұрылымдарды құру және «РОП» тетігі шеңберінде құрал-жабдықтарды дамыту бойынша жұмыстар жүргізілмек. Ендеше, біз әріптестікке қайта өңдеушілермен дайынбыз», – дейді конференцияны ұйымдастырушы «Қазақстанның қайталама шикізатты қайта өңдеушілер қауымдастығы» ЗТБ басқарма төрағасы, «KazakhExport» ЭСК» АҚ Қоғамдық кеңесінің төрағасы Батырбек Әубәкіров.

Қоқысты кәдеге жарату процесін сұрыптау, жинау, жеткізу және қайта өңдеу деп бөлуге болады. Соның ішінде полигондарға әкімдіктер жауап беретіндіктен сұрыптауды тұрғындар қоқыс тастайтын контейнерден бастаған жөн еді. Бірақ азаматтарымыздың қоршаған ортаны қорғау мәдениеті төмен болғандықтан, атқарушы билік бұл тұста дәрменсіз.  Коммуналдық қызмет бұл процесске ішінара шаруашылық жолмен көмектескені болмаса, сұрыптау, жинау, жеткізуді негізінен шағын бизнес жүзеге асырады. Онда да негізінен тиын санап отырған жеке кәсіпкерлер. Ал олардың жинаған қалдығының әр бір граммынан пайда іздейтіні белгілі. Сол себепті, бертінге дейін батыс Қазақстандағы макулатура жинаушылар оны Шымкент, Алматыны алыссынып, Ресейге өткізіп келген болатын.

«Шикізатсыз қалған қайта өңдеушілерді қорғау үшін Үкіметке қайта-қайта шығып, қайта өңделетін қалдықтарды шекарадан өткізбеуді сұрадық. Өйткені, оны қадағалайтын ешқандай механизм жоқ еді. Соның арқасында елімізден макулатура мен пластикті алып шығуға тыйым салынды. Оған қоса қалдықтарды жинап тапсырушыларды мемлекеттен субсидиялау тетігі енгізілді. Осыдан соң оларға жинаған қалдығын тапсырып ақшасын бір салса, мемлекеттен субсидиясын екі алған тиімді болып, тыйым салу мәселесі өзімен өзі шешімін тапты.

Ал қайта өңдеушілерге өнімін өткізуге мүмкіндіктер жасадық. Мәселен, мемлекеттік органдардың барлығына Қазақстанда шығатын кеңеселік қағаздарды сатып алуды міндеттедік. Осылайша, жинаушы-тапсырушы және қабылдаушы-өңдеуші екі тарап та пайдаға кенеліп, салаға жан біте бастады. Ендігі бір мақсат, Ақтөбеде қағаз қалдықтарын қайта өңдейтін зауыт салуға тілек білдіріп отырған инвестор бар. Соған мемлекеттен қолдау көрсетіп, жобаны тездетіп іске қосуға көмектесу», – дейді «Қазақстанның қайталама шикізатты қайта өңдеушілер қауымдастығы» ЗТБ басқарма төрағасы, «KazakhExport» ЭСК» АҚ Қоғамдық кеңесінің төрағасы Батырбек Әубәкіров.

Жиында сондай-ақ, тұйық цикл экономикасының аспектілері, қайталама шикізатты қайта өңдеу саласындағы салық мөлшерлемелері, шағын және орта бизнесті қаржыландыру және субсидиялау,Оңтүстік Корея тәжірибесін енгізу, шикізат және логистика мәселелері талқыланды. Конференция барысында Оңтүстік Кореядан келген шетелдік инвесторлармен B2B кездесулер өтті. Олар Қызылорда облысында пилоттық жобаны жүзеге асырмақ. Сондай-ақ «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ-мен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Қайта өңдегенің – үнемдегенің

Елімізде қалдықтарды қайта өңдеумен айналысатын компанияның бірі – «Еврокристал» ЖШС. 2011 жылы Шымкент қаласында шыны құю зауытын сала бастаған олар 2014 жылы бірінші желісін іске қосқан болса, 2016 жылы толық қуатына шыққан. Қазір онда екі пеш пен екі линия жұмыс істеп тұр. Өндірістік қуаты жылына 210 миллион шартты бірлік бұйым шығаруға жетеді. Пайдалану аясы кең, түрлі пішіндегі жоғары сапалы шөлмек ыдыстар шығарады. Көлемі – 200 милилитр мен 3 литр аралығы. Заманауи жабдықтармен жұмыс істейді. Өздерінің зертханалары бар. Әрине, проблемалары да жоқ емес.

«Зауыт құрылғалы толық қуатына шығып кете алып отырған жоқ. Негізгі кедергі – қалдық шөлмек сынықтарының қат екені. Мәселен, бізге өндіріске 30% шөлмек сынықтары керек. Оны біз өз күшімізбен жинауға тырысамыз. Бірақ, қалай болғанда да 10%-ын жинап тапсырушылардан аламыз. Әйтсе де, «Оператор РОП» мекемесі жұмысын тоқтатқалы, олардың да саябырсып қалды. Енді «Жасыл даму» АҚ-на шөлмек сынықтарын қайта өңдеушілерді субсидиялау тетігін қайта іске қосуға қол жеткізгені үшін алғыс айтқым келеді. Бұл бізге үлкен қолдау. Жұмыс көлемі артатын болады.

Екінші мәселе – газ бағасының өсуі. Бұл бізге қатты тиіп отыр. Соның кесірінен нарықта бәсекеге қабілеттілігімізді әлсіретіп алдық. Әсіресе, экспортқа шыға алмай қалдық. Теміржол тарифтерінің өзгеруі де біздің өнімнің бағасына қатты әсер етіп отыр.

Шикізат мәселесіне келер болсақ, құм мен мәрмәр тасты ғана біз жергілікті жерден аламыз. Қалғаны сырттан келеді. Бірақ, санкцияның салқыны бұл салаға да тиіп жатыр. Мәселен, бізге шпатл, доломит, сода сынды тағы да басқа өнімдер керек. Сондықтан ол өнімдерді Қаақстанда да өндіруге мүмкіндіктер қарастыру қажет, сонда шетелге тәуелділіктен арылар едік», – дейді «Еврокристал» ЖШС коммерциялық директоры Елена Журавлева.

Ал Ақтөбеден макулатура өңдейтін зауыт ашуға ниет етіп отырған «Capital Plast Kz» ЖШС бүгінде қайта өңделген қалдықтардан гофра өнімдерін,қағаздан түрлі қаптамалар мен пакеттер, стақандар, пластик бір рет пайдаланылатын ыдыстар, фольга қалыптар, PET контейнерлер, сорғыш сүлгілер, ланч бокстар және тағы да басқа бұйымдар шығарады. Бір сөзбен айтқанда қоқысты кәдеге жаратып табыс тауып отыр. Зауыт ашудағы ынтасы да мұндағы пайда көзін көріп отырғанында. Десе де, мұның бәрі оңайлықпен келмесе керек.

«Біз Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен Өнеркәсіп комитетіне елімізде ПЭТ-бөтелкешығарушы компанияларға өнімдерін түссіз, яки мөлдір етіп шығарса деген өтініш дайындап жатырмыз. Өйткені, түрлі түсті етіп шығарса, ол өзінің тұрмыстық құрамдас бөлігін жояды. Яки, бояғыштар қосқан пластик қайта өңдеуге келмейді. Балқытсаң, химиялық құрамы өзгеріп, ас-суға пайдалануға жарамсыз. Сондықтан да маркетингті тек қақпағына және сыртындағы қағазына қолданған дұрыс. Бөтелкенің өзі түссіз ашық болуы керек. Бұл жерде ПЭТ деп отырғанымыз – полиэтилентерефталат, яғни, термопластикалық полимер. Ол бөтелке, киім, жиһаз және т.б. заттарөндірісі үшін қолданылады.

Тағы бір мәселе –  макулатура қабылдайтынкомпаниялар негізінен еліміздің оңтүстігіндешоғырланған. Өзге өңірлерден қағаз жинап әкелуқымбатқа түсіп тұр. Сол себеп, оның өзіндікқұнындағы тасымалдау үлесі 20%-ға дейін жетіпжатады. Осы себепті, еліміздің батыс өңіріндежиналған макалатуралар Ресейге кетіп жатты. Қазір сәл саябырсыған болар, бірақ сонда да Ақтөбеде қағазөңдейтін өндіріс ашу стратегиялық мәселе. Біз онсыз да жетпей жатқан шикізатты шетелге жібермеуіміз керек», – дейді «Capital Plast Kz» ЖШС бас директоры Берікхан Санке.

Қоқысты қайта өңдеу саласындағы бүгінде жолға түспей тұрған бір мәселе, сұрыптап жинаумен айналысатын компаниялардың жұмысын жандандыру. Нақтырақ айтқанда олардың саны аз. Сондықтан «қоқыстан қоқысқа» дейінгі циклдегі осы бір бунақты жолға қойса, қалдықты кәдеге жарату жұмысы одан сайын жандана түсер еді. Ал тегін шикізатты қайта өңдегенің – ел қаржысын үнемдегенің.

Қызылорда облысының тәжірибесі басқа өңірлерге үлгі

Қызылорда облысында қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеумен 18 кәсіпкерлік субъектісі айналысады. Былтыр 166 мың тонна тұрмыстық қатты қалдықтың 45,7 мың тоннасы немесе 27,5%-ы өңделген екен. Облыстық бюджеттен бөлінген 1 млрд700 млн теңгеге қалдықтарды жинау, тасымалдау жұмыстарын атқаратын 49 арнайы техника алынған. Бұл туралы бізге Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Ардақ Зебешев айтып берді.

«Мемлекет басшысының ірі қалаларда қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдейтін зауыттар салу тапсырмасына сәйкес, алдағы 2 жылда құны 36 млрд. 400 млн теңгені құрайтын 9 жобаны іске асырылмақ. Аталған жобалар аясында өңірдің барлық аудандары мен Қызылорда қаласы толық қамтылады. Бүгінде инвесторлар анықталған. Айта кетсек, қалдықтарды сұрыптау және өңдеу саласындағы 8 жоба «Жасыл даму» акционерлік қоғамының қаржыландыру механизмі арқылы іске асырылады, 1 жобаға облыстық бюджеттен 475 млн теңге қаралған», – деді ол.

Жобалар толық жүзеге асқанда 498 тұрақты жұмыс орны ашылады. Жылына 380 мың тоннадан астам қатты тұрмыстық қалдық сұрыптау және қайта өңдеуден өтеді. Одан құрылысқа қажетті брусчатка, кәріз люктері, қағаз, пластик және шыны шығарылмақ.

«Қазір Қызылорда қаласында құны 33 млрд. теңгені құрайтын 2 жоба жүзеге асырылуда. Оның бірі – қолданыстағы полигонды жаңғырту жобасы. Қалдықтарды ұсақтау және өртеу қондырғылары, 32 арнайы техника (мусоровоз, экскаватор, жүк тиегіш, жүк тасымалдаушы, өрт сөндіру, суару автокөліктері), 3 мың евроконтейнер алынып, медициналық және құрылыс қалдықтары кәдеге жаратылады. Осылайша полигонның қалдық қабылдау қуаттылығы 60 мың тоннадан 210 мың тоннаға ұлғаяды. Бұдан бөлек, шыны ыдыстар өндіруде 1 жоба іске асырылады. Жоба құны – 29 млрд. теңге. Қуаттылығы – жылына 220 млн шыны ыдыс. Зауытқа шикізат ретінде жиналған шыны қалдықтары қолданылады», – дейді облыс әкімінің орынбасары.

Қалай болғанда да қайта өңдеу саласына алдағы үш жылда соны тыныс біткелі отыр деуге болады. Демек, қайталама шикізатты сатып алуда қазақстандық өңдеушілер басымдыққа ие болуға тиіс.Осылайша ел бюджетіне түсетін түсімдердің ұлғаюына және жаңа жұмыс орындарын ашуға ықпал ете аламыз. Саланы одан әрі дамытып, мемлекет білікті кадрлар даярлауға, ашықтығын арттыру мақсатында цифрландыруды енгізуге және тағы да басқа да проблемалық мәселелерді шешуге жәрдемдессе құба-құп. Ендеше, қомақты қаржы бөлінген қоқыс реформасы басталды деуге болады. Ендігі тілек, сол қаражаттың сұрауы жоқ қоқыспен бірге көміліп кетпегені.


ПІКІР ЖАЗУ