Әсел Асқар: Жігіттің қаржысы маңызды емес деп өтірік айтпаймын
Отандық актриса әрі блогер Әсел Асқар жеке өмірі, ер адамдармен қарым-қатынастағы жас айырмашылығы мен қаржылық тәуелсіздікке қатысты көзқарасын білдірді. Өнер иесі өзінен жасы кіші жігіттердің танысуға ұмтылысы, сондай-ақ сүйіктісінің бойында болуы тиіс негізгі құндылықтар туралы пікірін бөлісті, деп хабарлайды Politico.kz.
Бұл туралы әнші НТК арнасының "Не дейді?" бағдарламасында айтты.
«Бірінші кезекте мен танысқысы келген жігіттің жасын сұраймын. Егер жасы 40-та болса: «Иә, отыр, не жейсің, не тапсырыс берейін?» – деп сұраймын. Неге сұрамасқа? Енді дастарқанға келіп отырған соң, онда тұрған не бар? Жақында кездесуден жаяу қайтып бара жатқан едім. Ойланып, құлағыма құлаққап киіп музыка тыңдап, шашымды жайып, жеңіл макияжбен өзімді өте әдемі сезініп келе жаттым. Үстімде қарапайым футболка, арқамда рюкзак бар. Жанымнан бір топ жігіт өтіп бара жатты. Қазақ емес, бірақ өте әдемі жігіттер екен. Соларға қарап: « Қандай әдемі жігіттер» – деп ішімнен ойлап қойдым. Солай ойланып, армандап келе жатқанымда, арада бір 20 метрдей өткенде біреуі артымнан келіп түртіп қалды. Тоқтап, күліп: «Иә?» – дедім. Әлгі жігіт маған: «Сіз өте әдемісіз, сізбен танысуға бола ма?» – деді. Түріне қарасам, өте жас, «аузындағы сүті құрғамаған» бала екен. Мен одан: «Жасың нешеде?» – деп сұрадым. Ол: «Жас маңызды ма, махаббат жасқа қарамайды ғой» – дейді. Мен қайтадан: «Айтшы, жасың нешеде?» – дедім. «Ал мені қанша жаста деп ойлайсың?» – деп едім, «25-те шығарсың» деді. Қатты қуанып қалдым. Содан соң мен: «Ал сенің жасың нешеде?» – деп сұрадым. Мен жасымды айтып едім, ол: «Мен 22-демін, арамызда үлкен айырмашылық жоқ қой» – дейді. Мен: «Жаным-ау, үйіңе қайт» – дедім. Арамыз 13 жас болса да, қояр емес. Еркектер бізден кем дегенде 7-8 жылға артта қалады, ал ол менен 10-13 жас кіші болса, менің баламмен бірдей ғой», – деді Әсел Асқар.
Сонымен қатар актриса серігінің қаржылық жағдайына қатысты пікірін ортаға салды. Оның айтуынша, ер адамның өз бетінше табыс табуы мен ата-анасының дәулетіне сүйенбеуі маңызды фактор.
«Жігіттің қаржылық жағдайы маңызды емес десем, өтірік айтқан боламын. Өтірік айтқым келмейді, шынымды айтамын: әрине, маңызды. Бірақ қаржылық жағдай ата-анасынікі ме, әлде өзінікі ме – ол екі түрлі мәселе. Ата-анасының дәулеті балаға мал болмайды. Кейін әкесіне есеп беріп: «Папаңа айтшы, маған мынау керек еді» деп отырамын ба? Маған ондай ұнамайды. Егер мен қазір 20 жасар қыз болсам, онда мейлі, әкесінің қолдауы жақсы болар еді, бірақ ол кезде де мұндайға қарамайтын едім», – деді актриса.
Сөз соңында өнер иесі қазіргі таңда қарым-қатынаста ең алдымен өмірлік ұстанымдар мен жеке қызығушылықтардың сәйкес келуіне басымдық беретінін атап өтті.
«Ал қазіргі таңда жігіт өзі еңбек етсе, ең бастысы оның құндылықтары мен қызығушылықтары менің көзқарасыммен сәйкес келсе деймін. Бізде ортақ қызығушылық болуы керек. Менің қазіргі таңдағы басты қызығушылығым – денсаулық, спорт және бизнес. Витаминдерімді ішемін, уақытылы тексерілемін. Екеуіміздің өмірлік құндылықтарымыз мен мақсаттарымыз бір жерден шықса, маған сондай қарым-қатынас қызықты болады», – деді Әсел Асқар.
Соңғы жаңалықтар