Танымал әнші өз үйінде қарулы шабуыл жасап, қызметкерлерін атқылаған
Джиган лақап атымен танымал ресейлік рэпер Денис Устименко-Вайнштейн өз зәулім үйінде қызметкерлерін кепілге алып, оқ жаудырған, деп хабарлайды Politico.kz.
Ақпарат көздерінің хабарлауынша, рэпер үй қызметкерлерін шақырып алып, қолына қару ұстап, жауап ала бастаған. Ол қызметкерлерін түрлі қылмыстар жасады деп айыптап, «тірі қалғыларың келсе, өз еріктеріңмен мойындаңдар» деп талап қойған.
Деректерге сәйкес, Джиган қызметкерлердің бірін «балаларға зорлық-зомбылық көрсетті» дегенді мойындауға мәжбүрлеп, кейін оған қару кезеніп, қолы мен аяғына оқ атқан. Қалған жұмысшыларды сатқындық жасады, ақпарат таратты және ұлтшылдық танытты деп кінәлаған. Осыдан кейін олардың қашуына мүмкіндік беріп, соңдарынан оқ жаудырған.
Қанды оқиға мен қорқынышты жағдай 10 сағат бойы жалғасқан. Осы уақыт ішінде Джиган мен Оксана Самойлованың кәмелетке толмаған балалары зәулім үйдің шкафына тығылып отырған. Олар сол сәтте шетелде жүрген анасымен телефон арқылы байланыста болған.
Көршілері полиция мен ауылдың күзет қызметін, сондай-ақ рэпердің достарын көмекке шақыруға тырысқан. Алайда Джиган қатты қарсылық көрсетіп, оны ұстауға келген адамдарды соққыға жыққан.
Ақыры рэперді полиция өкілдері ұстады. Оқиғадан соң ол Израильдегі оңалту клиникасына мәжбүрлі түрде емделуге жіберілді.
Соңғы жаңалықтар