«Ортақ ата-бабасы жоқ»: генетик қазақты таза азиялық типке жатқызуға болмайтынын айтты
Қазақстандық генетиктер Германиядағы Макс Планк атындағы Эволюциялық антропология институтымен ынтымақтасып, Қазақстанның қазіргі халқының түрлі ру-тайпалық арғы аталарын, ежелгі генетикалық материалдарын зерттеді.
Айтуларынша, халқымызда көп қан араласулар болғандықтан, қазіргі қазақтарды таза азияттықтар деуге болмайды.
Археологтармен барлығы 465 генетикалық материалдың үлгісі зерттелген. Олар Қазақстанда, Ресейде, Қырғызстанда, Өзбекстанда және Моңғолияда жиналған.
Биология ғылымдарының кандидаты, PhD профессор Лейла Жансүгірованың айтуынша, Қазақстанның Еуразияның ортасында орналасуының өзі ежелгі геномымызда әрдайым көрініс тапқан.
Бізде еуропалық және азиялық компоненттің тең үлесі бар. Қазір біз араласулар нәтижесінде ерекшеленеміз. Халқымызды Оңтүстік-Шығыс Азиядағыдай «таза азиялықтар» деп атауға келмейді. Бізде басқа аралас компоненттер бар. Жалпылай алғанда, халқымызда тек бір ғана ата-баба жоқ. Тарихқа сүйенсек, қазақ халқы – этникалық жағынан әртүрлі тайпалардың әртүрлі араласуларымен болған одақ. Тіпті, қазір оңтүстік тұрғындарының сыртқы келбетіне қарасаңыз, ол ақтөбеліктерден ерекшеленеді, – деді маман.
Профессор ел аумағы бірнеше кезеңде бірнеше мәдени өзгерістерге тап болғанын жеткізді.
Неолит дәуіріндегі алғашқы қоныс Ботай Петропавл мен Кокшетау арасында орналасқан. Қазір сол жерге археологиялық ескерткіш қойылған. Ботайдан көптеген шаруашылық құрылыс, оттықтар, шұңқырлар, сүйектер мен құралдар табылды. Бұл жерде үлкен популяция бірнеше ғасыр бойы өмір сүрген. Бұл – біздің эрамызға дейінгі 3-4 мың жыл. Дегенмен зерттеулеріміз бойынша, ол кезеңнен популяция жойылып кеткен. Саяно-Байкаль өңірінде кейбір іздер қалды. Алайда тек қан араласулары ғана бар. Бұл популяцияның жойылуына сақ кезеңі, ерте темір дәуірі себеп болды. Жауынгерлік мақсаттағы халықтар жерлерді жаулап ала бастады, ал бейбіт халық жойылды. Бізде сақ мәдениетінің символы – «Алтын адам» мен Ботай мәдениетінің мұрасы бар. Алайда геніміз жоғалды. Қазір бізде ғұн, Шыңғысхан, Жошы ханның ДНҚ-сы бар. Қазақ халқының этносы 15 ғасырдың ортасына қарай қалыптаса бастады. Сол кездерде біз қырғыздар мен өзбектерден ажыратылдық. Яғни, территорияларды этникалық тайпалар бекітіп, олар бір одақта өмір сүрді, – деп қосты Лейла Жансүгірова.
Сондай-ақ ол бастапқыда қазақтарда туыстық неке болғанын алға тартты.
Мысалы, сақ тайпалары сақ алтындарын сақтау үшін династиялық неке тәжірибесін қолданды. Яғни, аға мен қарындас шаңырақ құрып, өмір сүрді. Бірақ бұл халықтың жойылуына әкелді. Қарапайым адамдар мұны байқады. Сол кезден бастап жеті ұрпақтан туыс адамдармен байланысқа тыйым салынған. Бұл – ғасырлар бойы сақталған өмірлік даналық. Бұл бізді өзбектерден ерекшелендіреді. Оларда, білесіздер, туыстар арасында неке қиюға болады. Ол кезде жазу жоқ, тек ауызша шығармашылық, фольклор, күй және т.б. арқылы ұрпақтарға даналық жеткізіліп отырған. «Егер сау ұрпақ қаласаң, жақын туысыңа үйленбе! Басқа ауылдан келін ізде» деген сөздер жеткізіліп келген, – деді маман.
Профессор осы тұста генетика бойынша қазақтардың белгілі бір спорт түрімен айналысуы керек деп айтуға болмайтынын жеткізді.
Дегенмен біз жалпы генетикалық паспорт құрастыра аламыз. Ол генотиптің спортқа қатысты жалпы бейімділігін көрсетеді. Белгілі бағдарламалар бойынша генетикалық тестілеу адамдардың физикалық әлеуетін ашуға болады. Мысалы, жылдамдық-күш қабілеттеріне, бұлшықет массасын жинауға, төзімділікке жауап беретін гендер бар. Адам өз генотипін біліп, егер жылдам бұлшықет талшықтары басым болса, онда ол пауэрлифтингпен айналыса алады. Ал егер баяу бұлшықет талшықтары басым болса, онда ол төзімділікті талап ететін спорт түрлеріне, мысалы, марафондық жүгіруге көбірек бейім, – деді ол.