Ерлан Қарин: Жаңа заң – жалпыұлттық бастама аясында қабылданған нақты шараның бірі

0
21

Бүгін Мемлекет басшысы әйелдердің құқығы мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелеріне арналған заңға қол қойды. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин телеграм арнасында үш мәселеге назар аударған жөн екенін алға тартып, пікір жазды.

Мемлекеттік кеңесшісі осы орайда мынадай үш мәселеге назар аударған жөн екенін атап өтті: 

Бірінші. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әуел бастан әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау ісіне баса мән береді. Осы жылдарда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күреске қатысты кешенді шаралар жүйесі кезең-кезеңімен қалыптасты. Бүгін қабылданған заң отбасындағы зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимылды құқықтық тұрғыдан реттеу ісін қорытындылайды.

Екінші. Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрестің тиімді механизмін жасау – билік пен қоғамның сындарлы ынтымақтастығының нәтижесі. Мысалы, бұл саладағы алғашқы бастамалар Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі мүшелері берген ұсыныстар мен ұсынымдар негізінде әзірленді. Бүгін қабылданған заңды даярлауға да Балалардың құқықтары жөніндегі уәкіл, Ұлттық құрылтай мен Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшелері белсене атсалысты.

Үшінші. Жаңа заң – Президенттің қоғамдағы бес кеселмен күресу жөніндегі жалпыұлттық бастамасы аясында қабылданған нақты шараның бірі. Президент Атыраудағы сөзінде қоғамдағы кеселдің бірі ретінде тұрмыстық зорлық-зомбылықты, буллинг пен агрессияны да атап өтті.
Осы құжатты қабылдаудың арқасында Қазақстанда зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимылға негізделген ең озық заңнама қалыптасты. Сонымен бірге, отбасындағы зорлық-зомбылықпен тиімді күресу үшін қоғамда агрессияның кез келген түріне төзбеушілік ұстанымын орнықтыру маңызды. Сондай-ақ қоғамда өзара көмек пен сыйластық, басқа адамдарға құрметпен қарау құндылықтарын дәріптеу керек.


ПІКІР ЖАЗУ