СҚО-дағы су тасқыны: Сергеев су қоймасы 153% толды

0
18

Солтүстік Қазақстан облысында Есіл өзенінде су деңгейі әлі жоғарылап жатыр. Бұл туралы СҚО ТЖД Ақпараттық-аналитикалық тобының бас маманы Жазира Қожахметова айтты.

«Облысымыздағы жағдай әлі де күрделі. Сергеев су қоймасы 153% толып, су бөгет шегінен 2 метр 67 см асты. Тәулік ішінде бұл деңгей 8 см төмендесе де, Есіл өзенінде су деңгейі әлі жоғарылауда. Осы орайда өзен жағасының маңында орналасқан Қызылжар ауданының елді мекендері мен Петропавл қаласында үйлерді су басты», — деді спикер Республикалық ақпараттық штабта өткен брифингте.

Қазіргі сәтте облыста 2023 үй және 1115 үй маңындағы аумақтарды су басқан. Жолдардың 67 учаскесін су басып, оның 17-і әлі де қауіпті жағдайда тұр.

«Негізгі соққы Қызылжар ауданының кенттеріне келді. Сондай-ақ, Петропавл қаласының Хромзавод және Ойқала шағын аудандарында тәулік ішінде 1 324 үйді су басты. Онда 5072 адам көшірілді», — дейді Ж.Қожахметова.

Жалпы облыс бойынша 10 345 адам, оның ішінде 2328 бала қауіпсіз жерге эвакуацияланды. Оған қоса, 3530 мал қауіпсіз жерге айдалды.

«731 мыңға жуық текше метр су сорылып, 252 км арық тазаланды, 273 мың қап инерттік материал төселді. 172 шақырымнан астам арналар кеңейтіліп, тереңдетілді. 8 км бөгет салынып, 24 мың метрден астам бөгет нығайтылды. 9 850 тонна инерттік материал шашылды», — деп толықтырды спикер.


ПІКІР ЖАЗУ