12 жылға сотталған ҰҚК подполковнигінің үкімі жойылды
28 қазанда Қылмыстық істер жөніндегі кассациялық сот Шымкент қаласы ҰҚК департаменті бастығының бұрынғы бірінші орынбасары Манат Сарбасовқа қатысты үкімді жойды. Бұл туралы Сарбасовтың адвокаты Жасұлан Әсілбеков әлеуметтік желіде жазды. Ол сот шешімінің мән-жайын «Kazinform» тілшісіне түсіндірді, деп хабарлайды Politico.kz.
Сот апелляциялық қаулының да күшін жойып, істі қайта қарауға жіберді. Бұл шешім іс бойынша қалған 4 сотталушыға да қатысты.
Адвокаттың айтуынша, алқабилердің дауыс беру тәртібі бұзылған. Оларға қойылған сұрақтар да күрделі заң терминдерімен жазылған. Қорғаушы сот ісін жүргізу тіліне қатысты талаптар да сақталмағанын айтты.
Енді істі Шымкенттің қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты басқа құрамда қайта қарайды. Сарбасов әзірге қамауда қалады. Адвокаттың сөзінше, ол кінәсін мойындамайды және ақталуға үміттенеді.
Еске салайық, 2025 жылғы қазанда Манат Сарбасов пара алу, қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыру және қызметтік әрекетсіздік үшін 12 жылға сотталып, ҰҚК подполковнигі атағынан айырылған еді. 2026 жылғы қаңтарда апелляциялық сот мүлікке қатысты шешімді өзгерткенімен, негізгі жазаны күшінде қалдырған болатын.
Соңғы жаңалықтар