Астанада автобус жаяу жүргіншіні қағып кетіп, бірнеше адам ауруханаға түсті

Астанада автобус жаяу жүргіншіні қағып кетіп, бірнеше адам ауруханаға түсті
Фото: видеодан скрин

Астанада жолаушылар автобусы жаяу жүргіншіні қағып, салдарынан төрт адам зардап шекті. Олардың арасында жаяу жүргінші және қоғамдық көліктің үш жолаушысы бар, деп хабарлайды Politico.kz.

Оқиға түсірілген видео Astanovka98 Telegram-арнасында жарияланды. 

Арнадағы ақпаратқа сәйкес, қыз жолға кенеттен жүгіріп шыққан. Куәгерлердің сөзінше, зардап шеккен жаяу жүргіншінің жағдайы ауыр болған. Оны жедел жәрдем қызметі ауруханаға жеткізген.

Астана қалалық полиция департаментінің мәліметінше, жол апаты 28 қазанда болған.

Полицияның хабарлауынша, IVECO маркалы маршруттық автобус Байтұрсынов көшесімен келе жатқан. Сол кезде жүргізуші жолды белгіленбеген жерден кесіп өтпек болған қызды қағып кеткен.

«Автобустың шұғыл тежеуді басу салдарынан үш жолаушы дене жарақатын алды. Жаяу жүргінші мен үш жолаушы медициналық мекемеге жеткізіліп, оларға қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр», – делінген полиция хабарламасында.

Қазіргі уақытта аталған жол-көлік оқиғасы бойынша тексеру жүргізіліп жатыр. Полиция апаттың барлық мән-жайын анықтауда.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу