Жәрдемақыны енді бәріне бірдей бермейді: отбасының әл-ауқатын бағалау тәртібі өзгереді
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев Мемлекет басшысының мәлімдемесінен кейін отбасылардың әлеуметтік жағдайын бағалау жүйесіне қандай өзгерістер енгізілетінін түсіндірді, деп хабарлайды Politico.kz.
Министрдің айтуынша, енді мемлекеттік көмек тағайындау кезінде азаматтардың нақты мұқтаждығы ескеріліп, отбасының материалдық жағдайына объективті баға беруге басымдық беріледі. Осыған байланысты әлеуметтік әл-ауқатты анықтау талаптарының бірқатары қайта қаралған.
Атап айтқанда, отбасының кірісі мен несиелік міндеттемелерін, соның ішінде ипотекалық қарыздарын бағалау тәсілдері өзгертілді. Сондай-ақ автокөлік пен ауыл шаруашылығы техникасының бар-жоғы ғана емес, олардың жағдайы да ескеріледі.
«Зауыттан шыққанына 20 жылдан асқан ауыл шаруашылығы техникасын бағалау есебінен толығымен алып тастадық. Жеке кәсіпкер немесе заңды тұлғаның болуы да есепке алынбайды. Бұдан бөлек, шағын жер телімдері мен жеке қосалқы шаруашылықтың болуы назарға алынбайды», – деді Асқарбек Ертаев.
Бұдан былай отбасын асырауға жұмсалатын шығындар, несие төлемдері, сондай-ақ отбасындағы жалғыз асыраушы мен жалғыз тұрғын үйдің болуы сияқты жағдайлар да ескеріледі.
Сонымен қатар мемлекеттік органдардың 30 ақпараттық жүйесіне тексеру жүргізіледі. Өңір әкімдіктерімен бірлесіп, мемлекеттік жәрдемақы алушылардың материалдық жағдайы да зерделенеді.
Министрдің сөзінше, бұл өзгерістер азаматтардың әлеуметтік жағдайын дәлірек бағалап, мемлекеттік көмекті шынымен мұқтаж адамдарға бағыттауға мүмкіндік береді.
Соңғы жаңалықтар