"130 миллион теңге ұрлық": Ақтөбеде ҚТЖ-ның бұрынғы қызметкері Президентке үндеу жолдады

Ақтөбеде ҚТЖ-ның бұрынғы қызметкері Президентке үндеу жолдады
«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының Ақтөбе филиалындағы орталық қойманың бұрынғы меңгерушісі Жанна Жасанбаева ел Президенті мен мемлекеттік органдарға бейнеүндеу жолдап, өзін әділетсіз жұмыстан шығарғанын және компания ішіндегі жемқорлық әрекеттерді әшкереледі.
Жасанбаеваның айтуынша, ол 2017 жылдан бері ҚТЖ жүйесінде еңбек етіп келген. Алайда 2024 жылдың тамызында оны «оңтайландыру» сылтауымен жұмыстан босатқан. Ол бұл шешім вокзалдағы күрделі жөндеу қарсаңында қойманы «коррупцияға бейім» тұлғаларға беру үшін әдейі жасалған деп есептейді.
Ол қоймадағы 130 миллион теңгеден астам материалдық құндылықтардың ұрланғанын айтып, мүлікті тапсыру актілерінің қолдан жасалғанын және өзі ешқандай құжатқа қол қоймағанын мәлімдеді. Сонымен қатар, бұрын қойма меңгерушісі болған Арсен Кенжиннің 2014–2015 жылдардағы жөндеу кезінде ұрлық үшін жұмыстан қуылғанын, алайда қазір сол қызметке қайта тағайындалғанын айтты.
Алайда RikaTV арнасының мәліметінше, ҚТЖ филиалы Жасанбаеваның жұмыстан босатылуын вокзал аумағындағы қойманың жабылуымен және барлық мүліктің 41-разъезд аймағына көшірілуімен түсіндіреді. Компания өкілдері оған басқа жұмыс орындары ұсынылғанын, бірақ ол бас тартқанын хабарлаған.
Жасанбаева еңбек инспекциясына жүгініп, тексеруден кейін қызметіне қайта оралғанымен, бұрынғы жұмыс орны мен жеке заттарын қайтара алмағанын айтады. Оның ішінде микротолқынды пеш пен телефон да бар. Ал вокзал басшысы Арсен Кенжин бұл заттардың оған тиесілі екенін жоққа шығарды.
ҚТЖ өкілдері Жасанбаева жұмыстан босатылғаннан кейін шамамен 500 мың теңге көлемінде өтемақы алғанын, енді қызметіне қайта тағайындалған соң бұл қаражатты қайтаруы тиіс екенін мәлімдеді.
Жасанбаева бұл жағдайды Ақтөбе филиалындағы жүйелі заңбұзушылықтар мен антикоррупциялық қызметтің әрекетсіздігімен байланыстырады.
Соңғы жаңалықтар





