14 жастағы жасөспірім 9 жастағы баланы пышақтап өлтірді

Ресейдің Мәскеу маңындағы Некрасовский кентінде 14 жастағы жасөспірім 9 жастағы баланы пышақтап өлтірді, деп хабарлайды POLITICO.KZ Oxu.Az порталына сілтеме жасап.
Алдын ала мәлімет бойынша, жасөспірім мен бала арасында жанжал туындап, соның барысында үлкені кішкентай балаға пышақпен соққы жасаған. Жарақат алған балаға жедел медициналық көмек көрсетілгенімен, оны аман алып қалу мүмкін болмады.
Ресей Ішкі істер министрлігінің Мәскеу облысы бойынша бас басқармасының хабарлауынша, полицияға жергілікті тұрғын хабарласып, елді мекен аумағындағы үйлердің бірінің жанында пышақ жарақатымен ес-түссіз жатқан 9 жастағы баланы тапқанын жеткізген. Оқиға орнына дереу жеткен дәрігерлер баланың өмірін сақтап қала алмаған.
Ресейлік ақпарат құралдарының жазуынша, күдікті – Ермолино ауылында тұратын 14 жастағы Руслан есімді жасөспірім. Тергеу деректеріне сәйкес, ол шабуыл жасаған соң сол пышақпен өзін де аяғынан жаралап, жедел жәрдем шақырып, жағдайды өзіне жасалған шабуыл ретінде көрсетуге тырысқан.
Қайтыс болған бала – 9 жастағы Диербек. Оның денесі Дмитров қалалық округіндегі балалар алаңында табылған. Денесінде бірнеше жерден салынған пышақ жарақаттары болған. Куәгерлердің айтуынша, оқиға орнына кездейсоқ өтіп бара жатқан адамдар бірінші болып келген.
Қазіргі уақытта күдікті полиция тарапынан ұсталды. Оқиғаның себептері анықталу үстінде. Қылмыстық іс Ресей Федерациясы Қылмыстық кодексінің 105-бабы бойынша («Кісі өлтіру») қозғалды. Бұл іс бойынша бақылауды прокуратура мен Тергеу комитеті өз қолына алды.
Соңғы жаңалықтар





