146 млн теңге жымқырған есепші: Қызым ағашқа асылып көз жұмды
Түрмеде сегіз жылдан астам уақытын өткізіп, 146 миллион теңге жымқырды деп айыпталған Юлия Дынь өміріндегі ең үлкен қасіреті — жалғыз қызынан қалай айырылғанын айтып берді, деп хабарлайды Politico.kz.
Түрмеден шыққан соң, бұрынғы күйеуі ана мен балаға жүздесуге де мүмкіндік бермеген. Ал тағдыр тәлкегімен Эстонияға қоныс аударған жасөспірім ақыр соңында өзіне қол жұмсаған. Жантүршігерлік бұл оқиғаның егжей-тегжейін кейіпкер Бота Әбдірамановаға берген ашық сұқбатында баяндады.
«...Мен сотталып шыққан соң, артымнан «айыпты ана» деген ат қалды. Ал қызымның дәл сондай өтпелі, қиын шағы еді. Олар Еуропаға, Эстонияға көшіп, сол жақтан үй сатып алыпты. Қайғылы күнге дейін сонда тұрды. Мен түрмеден босаған соң, күйеуімнің Гагарин мен Сәтбаев көшелерінің қиылысындағы ата-анасының үйіне бардым. Софияның туған күні еді, сыйлықтарымды құшақтап: — Сәлеметсіздер ме, — дедім. Бірақ ол мені аттап бастырмай: — Неге келдің? — деп зекіді. — Түсінсеңіздерші, сөйлесейін деп келдім. Бүгін Софияның туған күні ғой, — дедім жалынып. Ол қолына сигарасын алып: — Төмен түс, — деді суық қана. Енем болса диваннан қозғалған да жоқ, «Саған бұл үйде орын жоқ» деп теріс айналды. Артымнан күйеуім шығып: «Төмен түс те, мені күт» деді. Ол кеткен соң есік алдындағы орындыққа отырып, егіліп жыладым. Мен де анамын ғой! Оны тоғыз ай құрсағымда көтеріп, толғатып дүниеге әкелдім, аялап бақтым. Иә, шалыс бастым, кінәлімін, жазамды да толық өтедім. Бірақ мен өз бауыр етімнен бас тартқан жоқпын ғой! Қызымды жанымнан артық жақсы көремін, онымен бірге болғым келеді. Ал ол болса: «Олардың шаңырағына жолама, ұмыт бәрін. Бұл ісіңнен ештеңе өнбейді. Ол — керемет ана, баланы өте жақсы тәрбиелеп отыр, оны шын жақсы көреді. Қараңды батыр бұл жерден!» деді. Сыйлықтарымды ешкім алған жоқ, бәрін бетіме лақтырды. Тас қабырғаны соққылағанмен ештеңе өндіре алмайтынымды түсініп, сыйлықтарымды құшақтаған күйі жай ғана кете бердім. Содан бері жыл сайын қызыма хат жазып, ол көрмесе де, естімесе де туған күнін атап өтетінмін. Видео құттықтаулар түсіріп жолдайтынмын. Бірақ әкесі мұның бәрін балаға көрсетуге лайық деп таппапты», — деді Юлия Дынь.
Сонымен қатар, есепші дәл қызы қайтыс болған түні ұйықтататын дәрі ішіп, ешнәрсе сезбей ұйықтап жатқанын жеткізді. Оған хабарласа алмаған бұрынғы күйеуі Юлияның әпкесі Ларисаға шығып, суық хабарды естірткен.
«Осы оқиғаның алдында екі апта бойы көз ілмей, мазасыз күй кештім. Өзіме орын таба алмай, ішімнен бір қауіпті сезгендей жүрегім қатты айныды. Түн бойы ұйықтамай шығатынмын. Жексенбіден дүйсенбіге қараған түні «ұйықтауым керек, әйтпесе жүйкем сыр беріп, өзіме бірдеңе болады» деп ойладым да, дүйсенбі күні кешке телефонды өшіріп, ұйықтататын дәрі ішіп, жатып қалдым. Дәл сол түні, сағат он жарымда телефоным тоқтаусыз шырылдапты. Мен оны сезген жоқпын, бейқам ұйықтап жаттым. Тіпті мен өмірімде көрмеген, бейтаныс эстондық нөмірлерден де қоңырау түсіпті. Маған хабарласа алмаған соң әпкем Ларисаға шығып: — Лариса, Юлия тез арада маған хабарлассыншы, — депті. Әпкем: — Не боп қалды? — деп сұраса, «Маған тез хабарлассын» деп қысқа қайырған. Әпкем мені іздеген, бірақ телефоным өшірулі. Қайта хабарласып: «Түсіндірші, не болды өзі?» дегенде, ол бәрін егжей-тегжейлі айтып беріпті. Софияның орманда, ағашта асылып тұрғанын, қазір өзі оның денесін төменнен аяғынан ұстап тұрғанын, шарфқа асылған қыздың көздері ашық қалғанын айтқан. Ол маған желіге шықсын деп хабарласа алмай аласұрған. Сол сәтте қыздың өліп кеткенін әлі толық сезінбей, полицияны күтіп тұрған екен. Сөйтіп тұрғанда полиция да жетеді, ол тұтқаға: «Лариса! Лариса, София өмірден өтті! София асылып қалды!» деп шыңғырады. Әпкем есінен танып, жылап жібереді. Тұтқаға қарап: «Мұның бәріне сендер кінәлісіңдер! Баланы қорғай алмадыңдар! Оны Қазақстанға әкел, жалынамын, Қазақстанға әкелші!» деп айқайлайды. Ал мен бұдан мүлдем бейхабармын. Түнгі сағат бір жарымда есік қағылды. Ұлым келген шығар деп ашсам — табалдырықта бүкіл отбасым тұр. Сұрланып кеткен жүздерін көріп: «Не болды?! Анам аман ба?!» деп қорықтым. Қарасам, анам аман-есен тұр. «Жұрттар-ау, не боп қалды өзі?!» дегенімде, әпкем егіліп: «Юлия, София қайтыс болды...» деді. — Қалайша?! — Ол асылып қалды. Жексенбі күні өзім алып берген жаңа шарфқа асылып қалыпты. Сол шарфқа асылыпты! Ол сол күні «Ред Булл» ішіп, теннис жаттығуына бармаған. Бәрін алдын ала есептеп, жоспарлаған. Рюкзагін орманның шетіне қалдырып, ішіне тереңдеп еніп кеткен. Өзі тенниспен айналысқандықтан, денесі өте шымыр, күшті еді. Тірі қалуға еш мүмкіндік қалдырмау үшін бір ағаштан екінші ағашқа секіріп, ең биік бұтаққа шығып кеткен. Сөйтіп, артында соңғы хат қалдырыпты. Хатта: "Әке, ана, бұл — сіздердің қыздарыңыз Соня. Егер бұл хатты оқып жатсаңыздар, мен бұл дүниеде жоқпын. Иә, мен өлуді жөн көрдім. Мен сіздерді өте қатты жақсы көремін. Және Тоша... Үміттенемін — хатқа дәл осылай үлкен әріптермен басып жазыпты — ҮМІТТЕНЕМІН, СІЗДЕР ДЕ МЕНІ ЖАҚСЫ КӨРДІҢІЗДЕР" деп жазыпты», — деді Юлия Дынь.
Соңғы жаңалықтар