Аптасына екі, жылына 120 кітап оқимын — Айдос Сарым

06.10.2026 • 23:28 Томирис САҒЫНДЫҚ
Аптасына екі, жылына 120 кітап оқимын — Айдос Сарым
129
Фото: primeminister.kz

Белгілі саясаттанушы әрі қоғам қайраткері Айдос Сарым өзінің күнделікті оқу әдеті, кәсіби ізденістері мен ақпаратты сараптау жүйесі туралы ой бөлісті, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы Айдос Сарым DEMEDIA подкастында айтты. 

Саясаткердің айтуынша, заңнамалық базаны жетілдіру үшін әлемдік үздік тәжірибелерді үздіксіз оқып-үйренудің маңызы зор. Шетелдік құқықтық құжаттарды зерттеп, оны мемлекеттік тілге аударып талдау кәсіби біліктілікті арттыруға жол ашады. Тұрақты ізденіс пен жылына жүзден астам кітап пен ондаған мерзімді басылымдарды оқу қоғамға пайдалы шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді.

«Заң саласына қатысты әлемдік тәжірибені зерттеп, ағылшын немесе басқа шет тілдеріндегі заңнамаларды қазақ әрі орыс тілдеріне аударып оқығанды жөн көремін. Бұл менің кәсіби біліктілігімді арттырып қана қоймай, атқарып жатқан жұмысым арқылы халыққа да мол пайдасын тигізеді. Аптасына кемінде екі кітаптан оқып тұруды мақсат етемін. Соның нәтижесінде жылына орта есеппен 120-ға жуық кітап оқып шығамын. Бұдан бөлек, заңдар мен түрлі мәтіндерді қамтитын кәсіби әдебиеттерді тұрақты қарап отырамын. Сонымен қатар Қазақстанда шығатын барлық газеттерге, өзімді қызықтыратын саяси, саясаттану және тарих бағытындағы 20-25 шақты журналға жазылып, оларды үздіксіз оқып отырамын», — деді Айдос Сарым.

Саясаткердің айтуынша, кәсіби бағыттан бөлек, көркем әдебиет пен тарихи еңбектерді оқу адамның дүниетанымын кеңейтіп, терең ой түюге септігін тигізеді. Әсіресе отаршылдық өткелдерінен өткен Азия, Африка және Латын Америкасы халықтарының әдебиеті ұқсас тарихи шындықты ұғынуға мүмкіндік береді. Өзге елдердің тәжірибесін сараптау арқылы қоғамдағы түйткілді мәселелердің шешу жолдарын байқауға болады.

«Мамандығым тарихшы әрі саясаттанушы болғандықтан, ең алдымен саясат, саяси технологиялар мен тарихи тақырыптардағы еңбектерді ұнатамын. Екіншіден, көркем әдебиетті сүйіп оқимын. Соңғы уақытта мені әсіресе Азия, Африка және Латын Америкасы елдерінің әдебиеті қатты қызықтырып жүр. Себебі бұл халықтар да кезінде отаршылдықты бастан кешіріп, біз кезіккен әлеуметтік-саяси мәселелерді бастан өткерген. Осы елдердің әдебиетін парақтағанда, бүгінде бізді толғандырып, қинайтын түйткілдерді кейбір мемлекеттердің әлдеқашан еңсеріп қойғанын, ал кейбірінің әлі де сол баяғы тығырықтан шыға алмай жүргенін байқауға болады», — деді саясаткер.

Тарихи даму жолында әрбір халық өзіне тән сынақтар мен дағдарыстарды бастан өткеретіні сөзсіз. Басқа мемлекеттердің басынан өткен тарихи сабақтарды дұрыс бағалау ұлттық дамудың дұрыс бағытын таңдауға көмектеседі. Бүгінгі қоғамның алдында өткеннің өкінішімен шектелмей, озық елдердің қатарына қосылу міндеті тұр.

«Шындығында, қазақ — әлемде теңдесі жок, бірегей ерекшелікке ие жалғыз халық емес. Біздің басымыздан өткен тарихи сынақтар мен қиындықтарды өзге де көптеген ел бастан кешірген. Алайда бүгінгі күні алдымызда басты сауал тұр: біз баяғы бұрынғы қалыпта қалып, ішкі түйткілдеріміздің айналасында жүре береміз бе, әлде дамып, озық шыққан елдердің қатарына қосыламыз ба?» — деді Айдос Сарым.

Войдите, чтобы оставить комментарий