Блогер Дастан Мұхамедрахым: Менің үйім де, көлігім де жоқ
Бүгінде әлеуметтік желіде кеңінен танылып, мыңдаған оқырманның сүйіктісіне айналған блогерлердің өмір жолы әрдайым мінсіз әрі оңай бола бермейді. Сырт көзге бәрі оңай әрі жеңіл көрінгенімен, олардың әрқайсысының артында үлкен еңбек, ізденіс пен көрген қиыншылықтары тұр. Танымал блогер Дастан Мұхамедрахым сұхбат барысында өзінің балалық шағы, студенттік жылдарындағы таршылық пен алғашқы табыс жолы туралы сыр шертті. Ол өмірдің әртүрлі белестерінен өтіп, бүгінгі биігіне қалай жеткенін ашық баяндап берді, деп хабарлайды Politico.kz.
Бұл туралы блогер "Дөпсөз" подкастында әңгімеледі.
"Кезінде портрет салып, ақша табатынбыз. Студент болып жүрген шағымда, мұғалімдік мамандықта оқып жүріп, үйдегілерге «грантқа түстім» деп өтірік айтып, ақылы бөлімге түскен едім. Университеттің оқу ақысы жылына 180 мың теңге болатын және оны өзім жауып, төлеуім керек болды. Сол кезде қарындашпен ұқсатып сурет салып, ақша таптық. А3 форматын 5 мың теңгеге, ал А4 форматын 3 мың теңгеге бағаладым. Көшеде емес, Instagram желісінде парақша ашып қойдым. Бастапқыда ауызша жарнама арқылы тарады: таныстарым сурет салғызды, ал оны көрген басқа адамдар да «маған да салып бер, ақшасын төлейін» деп тапсырыс бере бастады. Осылайша, Аллаға шүкір, тапсырыс көбейді. Ол кезде үйдегілердің де маған ақша беретіндей мүмкіндігі болған жоқ. 7-сыныпта лицейге түскеніммен, өз ақшама тек 9-сыныпта ғана алғаш рет мектеп буфетінен тамақтандым. Оған дейін қолымдағы ақша жол жүруге ғана жететін. 9-сыныпқа дейін мені мұғалімдерім мен сыныптастарым буфетке апарып жүрді, сондай таршылықта өстік", - деді Дастан Мұхамедрахым.
Блогер өзінің де қарапайым ауылда өскенін, өмірдің ыстық-суығын көріп, қарапайым тіршілік кешкенін жасырмайды.
"Қазір үйдегілерді қалаға көшіріп жатырмыз. Олар бұрыннан мал бағып, ауылда өмір сүріп үйренгендіктен, көшу процесі сәл созылып кетті. Мысалы, менің әлі де жеке үйім де, көлігім де жоқ, пәтер жалдап тұрамын. Шыны керек, қазір баспана алудың да қажеттілігі шамалы, себебі Алматыда айына ары кетсе 5-6 күн ғана боламын. Дегенмен үй алған дұрыс, бірақ әзірге бірден сатып алатындай дайын қаржым жоқ. Халық блогерлерді «бәрі бар, бай» деп ойлайды, бірақ ол сыртқы көрініс қана. Біз кәдімгі ауылда өскен, жайлауда киіз үйде тұрған қарапайым ауылдың баласымыз. Кезінде жеке үй салатын жағдайымыз болмай, көршіміздің жайлаудағы киіз үйін жалдап тұрдық. Балалық шақта бәрін көрдік. Сурет салуды да ерекше жолдармен бастағанбыз: қой мен сиырдың тезегін жинап алып келіп, темірге жапсырып жүріп, «Наруто» мультфильмінің кейіпкерлерін салатын едік", - деді Дастан Мұхамедрахым.
Соңғы жаңалықтар