Ерлан Қарин Джеки Чанмен Қазақстандағы киножобаларды дамыту мәселелерін талқылады

06.10.2026 • 23:32 Қанат АЙБАР
Ерлан Қарин Джеки Чанмен Қазақстандағы киножобаларды дамыту мәселелерін талқылады
102
Фото: Aqorda

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Ерлан Карин халықаралық киножобаның түсірілім тобымен кездесті. Делегация құрамында әлемге танымал режиссер әрі актер Джеки Чан, сондай-ақ шетелдік және отандық продюсерлер Эсмонд Рен, Рүстем Омаров, Игорь Цай мен Орынбасар Құдайбергенов болды, деп хабарлайды Politico.kz.

Кездесу барысында кинематография саласындағы халықаралық ынтымақтастық пен бірлескен киножобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктері талқыланды.

Ерлан Карин Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңа технологияларды, креативті индустрияны дамытуға және азаматтардың шығармашылық әлеуетін іске асыруға ерекше көңіл бөліп отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, мұндай ірі жобаларды Қазақстанда жүзеге асыру отандық киноиндустрияның кәсіби өсуіне және елімізді халықаралық киноөндірістің келешегі зор алаңы ретінде ілгерілетуге ықпал етеді.

Сондай-ақ кездесуде кино саласында заманауи технологияларды қолдану мәселесіне ерекше назар аударылды.

Ерлан Карин Мемлекет басшысының бастамасымен өтіп жатқан Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында елордада Astana AI Film Festival фестивалі ұйымдастырылғанын жеткізді. Жасанды интеллект көмегімен жасалған фильмдер байқауына әлемнің 125 елінен 8 мыңнан астам өтінім түскен. Фестиваль ауқымы мен географиялық қамтылуы жағынан AI-киноға арналған әлемдегі ең ірі шараға айналды.

Кездесу соңында Ерлан Карин Джеки Чанға Қазақстанға деген ыстық ықыласы үшін алғыс білдіріп, жобаға қатысушыларға шығармашылық табыс тіледі.

Войдите, чтобы оставить комментарий