16 жастағы қыз анасы мен інісін өлтірді деген күдікпен қамауға алынды

Якутскіде 16 жастағы екі қыз – қаза тапқан әйелдің қызы мен оның құрбысы қамауға алынды. Оларға 40 жастағы Валерия Михайлова мен оның 11 жастағы ұлын өлтірді деген айып тағылған, деп хабарлайды Ресейдің Тергеу комитетінің өңірлік басқармасы.
Тергеу мәліметінше, әйел мен баланың денесі 3 қазанда Якутск қаласындағы пәтерден табылған. Оқиға орнынан пышақ пен балға тәркіленген. Күдіктілер келесі күні ұсталып, 5 қазанда сот шешімімен қамауға алынды.
Қылмыстық іс «Екі адамды, соның ішінде кәмелетке толмағанды, алдын ала келісіммен өлтіру» бабымен тергеліп жатыр.
Жергілікті БАҚ дерегінше, қыздар жасаған қылмысын мойындаған, бірақ кейін құрбысы өз сөзінен бас тартқан. Алдын ала нұсқа бойынша, олар әрекеттерін алдын ала жоспарлап, тіпті қылмыс кезінде құралдарын ауыстырып отырған. 11 жастағы бала бастапқыда құрбандар тізімінде болмаған, ол кездейсоқ қаза тапқан болуы мүмкін.
Тергеу болжамынша, қылмысқа ана мен қыз арасындағы жанжал түрткі болған. Сондай-ақ қыздың 2023 жылы Ресей-Украина қақтығысы аймағында қайтыс болған әкесінің өлімін ауыр қабылдағаны, психологтың бақылауында жүргені айтылды.
Марқұм Валерия Михайлова — Якутиядағы белгілі коммунист және қоғам қайраткері Савва Михайловтың жесірі. Ол кезінде республикалық халықты жұмыспен қамту комитеті төрағасының орынбасары болған. Валерия психолог болып жұмыс істеп, соғысқа қатысушыларға психологиялық көмек көрсеткен және Якутскідегі КПРФ ұйымдарының бірінде хатшы қызметін атқарған.
Көршілер мен таныстары отбасы соңғы жылдары тұйықталып, қарым-қатынастары суығанын айтқан. Қазір тергеу жалғасып жатыр.
Соңғы жаңалықтар





