«Елді мақтан ету – басты мақсат»: ҚФФ ұлттық құраманың жағдайына қатысты мәлімдеме жасады
Қазақстан құрамасының соңғы ойындарына қатысты айтылған сынға Қазақстан футбол федерациясының бас хатшысы Скотт Манн жауап берді, деп хабарлайды Politico.kz.
Футбол жанкүйерлері ұлттық құраманың Ұлттар лигасындағы нәтижелеріне наразылық білдіріп жатқан тұста, федерация басшылығы сынның негізді екенін мойындады. ҚФФ елдегі футбол жүйесінің жұмысына ауқымды аудит жүргізуді жоспарлап отыр.
Скотт Маннның айтуынша, қазіргі жағдайға жан-жақты баға беріп, ұлттық құраманың нәтижесіне әсер еткен себептерді анықтау қажет. Бұл ретте тек футболшылардың емес, жаттықтырушылар штабының, техникалық мамандардың және ұлттық құрамалар департаментінің жұмысы да талданады.
Федерация өкілі жағдайды түзету үшін нақты әрі жедел шаралар қабылданатынын атап өтті. Алдағы апталарда құраманың нәтижесін қысқа және ұзақ мерзімде жақсартуға бағытталған жоспар жарияланбақ.
«Біздің басты мақсатымыз – ел мақтан ететін команда қалыптастыру, жанкүйерлерге алдағы бағытты нақты түсіндіру және алаңға шыққан әр ойыншының өз мүмкіндігін толық көрсетуіне жағдай жасау», – деді Скотт Манн.
Айта кетейік, Ұлттар лигасының қазіргі кезеңінде Қазақстан құрамасы С лигасының 3-тобында өнер көрсетіп жатыр. Төрт турдан кейін команда екі ұпаймен соңғы, төртінші орында тұр. Қазақстан алғашқы матчта сырт алаңда Фарер аралдарымен 1:1 есебімен тең түсті. Кейін Словакиядан 1:2, Молдовадан 1:2 есебімен жеңілді. Соңғы ойында өз алаңында Фарер аралдарымен 2:2 есебімен тең ойнады.
Соңғы жаңалықтар