Мұхит Сапарбаев: Шоу-бизнесте арықтатын қытай дәрісін ішіп көз жұмған адам бар

08.10.2026 • 22:24 Томирис САҒЫНДЫҚ
Мұхит Сапарбаев: Шоу-бизнесте арықтатын қытай дәрісін ішіп көз жұмған адам бар
133

Танымал тележүргізуші Мұхит Сапарбаев қатаң диета, ота және дәрі-дәрмектің артықтауға еш көмектеспейтінін айтты, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы НТК арнасының "Не дейді?" бағдарламасында айтты.

«Біз артық салмақтан арылу үшін міндетті түрде белгілі бір стресс керек деп үйреніп қалғанбыз. Біз ол стресті қалай тудырамыз? Калория санаймыз, тамақтан өзімізді шектейміз, одан кейін сойылатын қой құсап мөлиіп жүреміз. Бұл — біздің өміріміздегі үлкен трагедия. «Мен қазір диетадамын» деп, айналада тамақ ішіп жатқан адамдардың бәрін жек көріп, оларға бір міндет сияқты қараймыз. Артық салмақтан арылып жатқанымыз біреуге міндет сияқты көрінеді. Одан өзгеге келіп-кетер не бар? Ол адам аза ма, тоза ма, мүлде ешқандай айырмашылығы жоқ. Бірақ біз сол диетада жүрген кезде әр күнді зарыға күтеміз. Толғағы таяған әйел құсап ай-күнді санап жүреміз. «Бұл қашан аяқталады?» дейміз де, түсімізге бешбармақ кіріп, торт жегіміз келеді, тағы басқа да дүниелерді аңсаймыз. Диета аяқталған соң не істейміз? Аузымызға келгеннің бәрін тығып, өзімізді еркіндікке жібереміз», — деді Мұхит Сапарбаев.

Журналист арықтаймын деп қытай дәрілерін ішіп және асқазан кішірейту отасынан қайтыс болған танымал тұлғалардың бар екенін айтты. 

«Шын мәнінде, мені артық салмақ мәселесі өмір бойы мазалап келеді десем болады. Сондықтан бұл істің нағыз маманымын. Иә, мен нағыз маманмын, себебі менің өмірімде қытай таблеткалары да, аштық та болды. Өмірімде небір түрлі әдістерді бастан өткердім. Қазір нарықта біреулер коктейль, біреулер шәй, енді біреулері кофе сатады — соның барлығы менің өмірімде болды. Және де оның қорытынды нәтижесі, әдеттегідей, сәтсіз аяқталады. Себебі қайтадан бұрынғы қаз-қалпыма келемін. Венеражан, сосын не істеймін? Топ ете түсемін де, одан кейін баяғы стресс қайтадан басталады. «Артық салмақтан арылу керек, бір нәрсе істеу керек еді» деген өмірдегі сценарий қайталана береді. Шоу-бизнесте қытай таблеткаларын жылдар бойы қолданған бір танымал адам бар еді. Оның ажалы дәл осы қытай таблеткасынан болды. Шоу-бизнесте тағы да бір қайғылы оқиға болды. Осыдан екі жыл бұрын мен өзім жақсы таныс, араласатын адам қайтыс болды. Қазір адамдар оңай жолды іздейді ғой. Ол «резекция желудка», яғни асқазанды кішірейту отасын жасатқан болатын. Сол асқазанды кішірейтудің кесірінен, жасы 50-ге де жетпей, ол адам өмірден озды», — деді журналист.

Ары қарай ол өзінің асқазан кішірейту отасына жүгінбегенін айтты.

«Мен де ота жасаттым. Нақтылап айтсам, көзіме және мұрныма пластикалық ота жасаттым, оны жасырмаймын. Әлеуметтік желіде ота жасатып жатқан сәтімнің фотосы да, видеосы да жүктелген, мұнда ешқандай құпия жоқ. Ал «асқазанына ота жасатты» деген қауесетке келер болсақ, бұл — мүлде басқа дүние, Венера. Адамдар біреудің жетістігі мен еңбегін құнсыздандырғанды жақсы көреді. Мен асқазаныма ота жасатқан жоқпын, жоқ. Ағзама ешқандай зақым келген жоқ. Жоғарыда айтқанымдай, тек көз бен мұрынға байланысты пластикалық ота болды. Артық салмақтан арылғаннан кейін теріміз салбырай бастайды ғой. Біз медиа саласында жүрген адам болғандықтан, өзімізге мұқият қарауымыз керек. Біздің бетіміз — біздің басты жұмыс құралымыз. Сол себепті кадрда әдемі көрінуіміз, жалпы медиа өкілі ретінде үнемі күтініп, сырт келбетіміздің жақсы болуы өте маңызды. Сондықтан косметолог пен тиісті маманға баруды ертерек бастаған дұрыс», — деді Мұхит Сапарбаев.

Войдите, чтобы оставить комментарий