16-дағы қызды зорлады деп айыпталған шенеунік ауруханада көз жұмды

18.03.2026 10:16 Арман Ермеков
16-дағы қызды зорлады деп айыпталған шенеунік ауруханада көз жұмды
785
Фото: gov.kz

Батыс Қазақстан облысының полиция департаменті 16 жастағы қызды зорлады деген күдікпен ұсталған шенеунік Әлібек Жүпіловтің ауруханада қайтыс болғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Politico.kz.

«Аталған дерек бойынша 2026 жылдың 25 ақпанында күдікті заңмен белгіленген тәртіпте қамауға алынды. 11 наурызда денсаулық жағдайының нашарлауына байланысты ол Орал қаласындағы облыстық көпбейінді аурухананың жансақтау бөліміне жатқызылды. Оған бауыр некрозымен асқынған бауырдың уытты зақымдануы, кетоацидозы бар инсулинге тәуелді емес қант диабеті диагнозы қойылған. 16 наурыз күні сағат 18:10-да ер адам есін жимастан көз жұмды. Өлім дерегі бойынша сотасты тергеу басталды. Жан-жақты тексеру жүргізіліп жатыр, ал өзге ақпарат тергеу мүддесіне сай жария етілмейді», – делінген полиция таратқан хабарламада.

Еске сала кетейік, бұл дау қаңтар айында басталған болатын. Колледж студентінің әкесі 57 жастағы БҚО Шыңғырлау ауданы жер қатынастары бөлімінің басшысы болған шенеуніктің қызын алдап үйіне апарып, зорлық-зомбылық көрсетті деп полицияға арыз түсірген. Әкесінің айтуынша, күдікті алғашында кінәсін мойындағанымен, кейін жауабынан бас тартып, қорғаушылар жалдаған. Ол қызды кәмелеттік жасқа толған деп ойлағанын және жыныстық қатынас өз еркімен болғанын алға тартқан.

Жәбірленушінің әкесі тергеу барысында отбасына қысым жасалып, арызды қайтарып алу үшін он миллионнан 20 миллион теңгеге дейін ақша, тіпті пәтер ұсынылғанын жеткізген. Оның сөзінше, күдіктінің әйелі үйлеріне келіп кешірім сұраған. Алайда кейінірек қыздың өзі мен анасы ешқандай шағымдары жоқ екенін және бәрі екі жақтың келісімімен болғанын мәлімдеді. Бұған қарамастан, әкесі шенеуніктің кінәлі екенін дәлелдеуден қайтпаған. Сонымен қатар ол күдіктінің өткен жылдың желтоқсан айында тағы бір кәмелетке толмаған қызға зорлық көрсетуі мүмкін екенін, бірақ ол отбасы қорқытып-үркітуден сескеніп полицияға шағымданбағанын айтты.

Осы мәлімдемеден кейін полиция департаменті шенеуніктің қайта ұсталғанын хабарлаған болатын.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий