Қарағанды академиясының курсанты кәсіпқой бокс рейтингінде үздік ондыққа енді

Қарағанды академиясының курсанты кәсіпқой бокс рейтингінде үздік ондыққа енді
Фото: ҚР Бокс федерацисы

ҚР ІІМ Бәрімбек Бейсенов атындағы Қарағанды академиясының 4-курс курсанты Бауыржан Әли кәсіпқой бокс бойынша BoxRec рейтингінде Қазақстан мен ТМД елдері арасындағы өз салмақ дәрежесінде тоғызыншы орынға көтерілді, деп хабарлайды Politico.kz.

BoxRec порталының компьютерлік алгоритмге негізделген ресми рейтингінде жоғары көрсеткішке қол жеткізген Бауыржан Әли ТМД тарихында мұндай нәтижеге жеткен алғашқы қазақстандық курсант атанды.

Жас спортшы оқу мен қызметтік дайындықты кәсіпқой бокс мансабымен қатар алып жүр. Ол сондай-ақ Жамбыл облысы Полиция департаментіне қарасты «Арлан» спорт клубының атынан жарыстарға қатысады.

Жақында Таразда өткен халықаралық бокс турнирінде Бауыржан Әли Тәжікстаннан келген қарсыласын жекпе-жектің 57-секундында нокаутқа түсірген еді.

Спортшының жетістіктері мемлекеттік деңгейде де бағаланды. ҚР Туризм және спорт министрінің бұйрығымен ол «Қазақстан Республикасының спорт саласының құрметті қызметкері» төсбелгісімен және Құрмет грамотасымен марапатталған.

Алайда курсанттың кәсіпқой спорттағы жетістігімен қатар, оның құқықтық мәртебесі мен жарыстарға қатысуын қаржыландыру мәселесі де назар аудартады.

Бауыржан Әлидің бапкері, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Әділ Қаридің айтуынша, курсанттарға ведомство тарапынан сыйақы, жол ақысы және іссапар шығындарын тікелей төлеу қарастырылмаған. Ал жарыстар мен оқу-жаттығу жиындарына қатысуға қатысты шешім Ішкі істер министрлігінің басшылығымен келісілуі керек.

Қажетті шығындарды Қазақстан бокс федерациясы «Арлан» спорт клубы арқылы өтейді. Бұл тетік курсантқа коммерциялық қаражатты тікелей аудармай, спорттық дайындыққа қажетті шығындарды қаржыландыруға мүмкіндік береді.

Бапкердің пікірінше, бұл жағдай ведомстволық спорт жүйесін жетілдіру қажеттігін көрсетеді. Ол заңнамада «спортшы-курсант» және «спортшы-полицей» мәртебелерін нақтылап, спортта жоғары нәтиже көрсететін жастарға мемлекеттік қолдау көрсету тетіктерін қарастыру қажет деп санайды.

Айта кетейік, Бауыржан Әли — спорт шебері, кадеттер мен жастар арасында екі дүркін Қазақстан чемпионы, Азия чемпионатының қола жүлдегері және халықаралық турнирлердің жеңімпазы.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу