Ақтауда үш жасар бала комадан шықпай көз жұмды: Анасы дәрігерлерді кінәлап отыр
Ақтау қаласының тұрғыны Гүлімей Ізтілеуова үш жасар ұлының өліміне байланысты облыстық жұқпалы аурулар ауруханасындағы емдеу шараларын тексеруді сұрап, Денсаулық сақтау министрлігіне жүгінді, деп хабарлайды Politico.kz.
Анасының айтуынша, бала ауруханада бір ай бойы комада жатып, кейін көз жұмған.
Гүлімей Ізтілеуованың сөзінше, бұған дейін баланың уланғаны туралы ақпарат тараған. Алайда анасы ұлының дене қызуы күрт көтерілгенін, улану болмағанын айтады.
Оның айтуынша, 5 қыркүйек күні таңғы сағат 9:00 шамасында жедел жәрдем анасы мен баласын жұқпалы аурулар ауруханасына жеткізген. Әйелдің сөзінше, кезекші дәрігер баланы толық тексермей, тек дене қызуын өлшеген. Анасының өзі талап еткеннен кейін ғана оларды палатаға жатқызған. Кейін баланың жағдайын ешкім келіп бақыламағанын айтады.
Сол күні сағат 11:40 шамасында баланың денесі құрыса бастаған. Анасының айтуынша, дәрігер келіп, медбикелерге дәрі егуді тапсырған да, палатада қалмаған. Алайда инъекциядан кейін бала есін жимаған.
Компьютерлік томография (КТ) тек кешкі сағат 19:40 шамасында жасалған. Гүлімей Ізтілеуованың айтуынша, ол ұлын екінші қабаттан бірінші қабатқа дейін өзі көтеріп апарған. КТ жасайтын маман баланы бірден жансақтау бөліміне жатқызу керектігін айтқанын жеткізген. Бірақ анасы бұған дейін өзіне мұндай нұсқау берілмегенін мәлімдеді.
Бала бір ай бойы комада жатқан
Томографиядан кейін бала жансақтау бөліміне ауыстырылып, анасына оның басында гематома бар екені айтылған. Алғашқы екі күнде бала есін біліп, тамақ ішіп, сөйлескен. Алайда үшінші күні комаға түскен. 30 күннен кейін көз жұмған.
Анасының айтуынша, отбасы Астана мен Ташкенттен мамандар шақыртуға өзі күш салған. Дәрігерлер туыстары Президентке үндеу жазып, бұқаралық ақпарат құралдарына сұхбат бергеннен кейін ғана келген.
Гүлімей Ізтілеуова Ташкенттен келген маман баланы тым ұзақ уақыт ұстап қалғандарын айтқанын жеткізді. Сондай-ақ отбасы бас миының КТ қорытындысын ұзақ уақыт бойы түсіндіретін маман таба алмағанын, дәрігерлер кеңесін өткізу үшін де өздері талап етуге мәжбүр болғанын мәлімдеді.
Бұдан бөлек, әйел ауруханадан берілген медициналық құжаттардағы жазбалармен келіспейтінін айтып, қымбат дәрі-дәрмектерді отбасы өз қаражатына сатып алғанын жеткізді.
Гүлімей Ізтілеуова Денсаулық сақтау министрлігінен баланың емделу барысын басынан аяғына дейін тексеріп, дәрігерлердің әрекетіне құқықтық баға беруді сұрады. Оның мақсаты – осындай жағдайлардың қайталануына жол бермеу екенін жеткізді.
Соңғы жаңалықтар