19 жастағы футболшының өлімі: Дәрігерлер Диас Төлеудің қазасына қатысты мәлімет берді

Алматыда матч кезінде қаза тапқан 19 жастағы футболшының өліміне қатысты деректер жарияланды, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Алматы. 17 қазан. Алматыда футбол матчы кезінде кенеттен көз жұмған «Хан-Тәңірі» клубының ойыншысы Диас Төлеудің өліміне қатысты жаңа деректер шықты. Алматы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы 19 жастағы спортшының ауруханаға клиникалық өлім жағдайында жеткізілгенін хабарлады.
Ведомствоның мәліметінше, Диас Орталық қалалық клиникалық ауруханаға түскен кезде оның тамыр соғысы мен қан қысымы мүлдем болмаған, көз қарашығы кеңейіп кеткен.
«Медициналық бригада 30 минут бойы реанимациялық шараларды жүргізді, алайда, қабылданған шараларға қарамастан, өмірлік белгілерді қалпына келтіру мүмкін болмады. Биологиялық өлім тіркелді», – деп хабарлады басқарма.
Жас футболшының өлімінің нақты себебін енді сот-медициналық сараптама анықтайтын болады.
Еске сала кетейік, қайғылы оқиға кеше Қазақстанның Бірінші лигасы аясындағы «Хан-Тәңірі» мен «Екібастұз» клубтары арасындағы матчта болған еді. Ойынның 62-минутында Диас Төлеу кенеттен өзін жайсыз сезініп, алаңға құлаған. Оған алғашқы көмек көрсетіліп, зембілмен алып кеткен еді.
Қазақстан футбол федерациясы Диас Төлеудің отбасына көңіл айтып, оқыс оқиғаны тексеру үшін арнайы комиссия құрылғанын хабарлады. Диас биыл мамыр айында ғана 19 жасқа толған еді.
Соңғы жаңалықтар





