ҰБТ-ға жасанды интеллект енгізілмек: 2027 жылы талапкерлерді не күтіп тұр?
Қазақстанда ҰБТ өткізу тәртібі өзгеруі мүмкін, деп хабарлайды Politico.kz.
Емтиханға жасанды интеллект пен адаптивті тестілеу технологияларын енгізу жоспарланып отыр. Жаңартылған жүйе 2027 жылдың көктемінде сынақтан өткізіледі.
Жаңа тәсіл талапкерлердің пәндерді қаншалықты меңгергенін анықтаумен шектелмейді. Сонымен қатар олардың ақпаратты талдау, сыни ойлау, зерттеу жүргізу және цифрлық құралдарды пайдалану қабілеттерін бағалауға басымдық берілмек.
Жобаны Ұлттық тестілеу орталығы ETS халықаралық ұйымымен бірлесіп әзірлеп жатыр. Дегенмен жасанды интеллектінің ҰБТ кезінде нақты қалай қолданылатыны және тест тапсырмаларының қандай тәртіппен өзгеретіні әзірге толық жарияланған жоқ.
ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі өкілінің айтуынша, технологиялардың дамуы білімді бағалау тәсілдерін де жаңартуды талап етеді. Қазіргі кезде адамның ақпаратты жаттап алғаны ғана емес, оны түсініп, талдап, іс жүзінде қолдана алуы да маңызды.
«Жасанды интеллект білім беру процесін ғана емес, оқу нәтижелеріне қойылатын талаптарды да өзгертіп жатыр», – деді министрлік өкілі Гүл Жүсіпова.
Бұл мәселе білім беру жүйесін цифрландыруға арналған конференцияда да талқыланды. Жиында оқу бағдарламаларын еңбек нарығының сұранысына бейімдеу және студенттерді заманауи технологиялармен жұмыс істеуге үйрету мәселелері көтерілді.
«1С Қазақстан» компаниясының директоры Дмитрий Годунның сөзінше, цифрлық технологиялар жылдам дамып жатқандықтан, студенттер оқу кезінде-ақ оларды тәжірибеде қолдануды меңгеруі қажет. Оның пікірінше, білім беру ұйымдары болашақ мамандарды жасанды интеллект пен автоматтандыру құралдарын тиімді пайдалана алатындай даярлауы керек.
Соңғы жаңалықтар