200 медициналық ұйымға қосылған ЖИ жүйесі 2023 жылдан бері іске қосылмаған – депутат

10.09.2026 15:54 Абзал БАХЫТЖАНОВ
200 медициналық ұйымға қосылған ЖИ жүйесі 2023 жылдан бері іске қосылмаған – депутат
124
Фото: magnific.com

Қазақстанда өкпе обырын ерте анықтауға арналған отандық жасанды интеллект жүйесі 2023 жылы жасалып, 200 медициналық ұйыммен техникалық тұрғыда біріктірілген. Алайда жоба одан әрі дамымаған. Бұл мәселені Құрылтай отырысында «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Сергей Пономарев көтеріп, Премьер министр Олжас Бектеновке депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Politico.kz.

Депутат Мемлекет басшысы биылғы жылды цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялағанын еске салды. Оның айтуынша, Президент озық ЖИ технологияларын қолдану ел дамуы мен негізгі салаларды, соның ішінде денсаулық сақтау жүйесін жаңғыртудың маңызды тетігі болуы керектігін бірнеше рет айтқан.

Пономарев VIII шақырылымдағы Мәжіліс депутаты болған кезде де өкпе обырын ерте анықтау және скрининг жүргізуге арналған отандық ЖИ жүйесін енгізу мәселесін көтергенін айтты.

Ресми статистикаға сәйкес, қазір өкпе обыры Қазақстандағы онкологиялық аурулар арасында өлім көрсеткіші бойынша 1 орында тұр. Жыл сайын 3 мыңнан астам адамға осындай диагноз қойылады.

Депутаттың сөзінше, скрининг ауруды ерте кезеңде анықтап, емдеуді уақытында бастауға мүмкіндік береді.

Сауалда шетел тәжірибесі де келтірілді. АҚШ-та мұндай зерттеулер өлім көрсеткішін 20% төмендетсе, Италияда бұл көрсеткіш 39% болған.

Ал асқынған өкпе обырын емдеуге мемлекет бір науқасқа 60 млн теңге жұмсайды. Депутат мұндай науқастардың көпшілігінің жағдайы өте ауыр екенін атап өтті.

Оның айтуынша, мәселенің негізгі мәні қаржыда емес, қазақстандықтардың денсаулығында.

Сондықтан тәуекелі жоғары топтарға төмен дозалы компьютерлік томография арқылы өкпе обырына ұлттық скрининг жүргізу «Әділет» партиясының сайлауалды бағдарламасына тікелей енгізілген.

«Скрининг бірыңғай ұлттық стандарттар бойынша жүргізіледі және ауруды ерте кезеңде анықтауға, емдеуді уақытында бастауға және асқынған жағдайлардың санын азайтуға мүмкіндік береді», – делінген партия бағдарламасында.

Пономаревтің айтуынша, бұл енді партияның уәдесі ғана емес, дер кезінде қойылған диагнозға өмірі тәуелді азаматтар алдындағы міндет.

Депутат қажетті отандық технологиялық шешім қазірдің өзінде бар екенін айтты.

2023 жылы Дүниежүзілік банктің гранты есебінен өкпе обырын ерте анықтау және скрининг жүргізуге арналған дайын ЖИ жүйесі жасалған. Ол елдегі 200 медициналық ұйыммен техникалық тұрғыда біріктірілген.

Алайда депутаттың мәліметінше, Жасанды интеллект туралы заң күшіне еніп, қажетті құқықтық база қалыптасқанына қарамастан, жоба одан әрі дамымаған.

Осыған байланысты Сергей Пономарев Үкіметке 3 талап қойды.

Біріншісі – төмен дозалы компьютерлік томография арқылы өкпе обырына скрининг жүргізу жобасының не себепті кешіккенін анықтау.

Екіншісі – осы бағыттағы қолданыстағы технологияларға тәуелсіз бағалау жүргізіп, оның нәтижесін ұсыну.

Үшіншісі – жобаны іске қосу мерзімі мен шарттарын нақты белгілеу.

Депутат тексеру барысында заң бұзушылықтар расталған жағдайда, оған қатысы бар тұлғалардың жауапкершілігі мәселесін қарауды да сұрады.

Сергей Пономарев депутаттық сауалға қолданыстағы заңнамаға сәйкес жазбаша жауап беруді талап етті.

Войдите, чтобы оставить комментарий