Қазақстандықтардың тамаққа қанша жұмсайтыны және қай өңірде не жейтіні анықталды
Қазақстанда бір өңірдің тұрғындары етті көбірек жесе, енді бір аймақта дастарқаннан нан мен көкөніс үзілмейді. Ал балықты ең көп тұтынатындар солтүстікте тұрады. Бірақ ел тұрғындарының ас мәзіріндегі айырмашылық тек өңірге байланысты емес. Кімнің қанша табыс табатыны да маңызды. Energyprom агенттігі қазақстандықтардың тамаққа жұмсайтын ақшасы мен күнделікті тұтынатын азық-түлігін зерттеп көрген, деп хабарлайды Politico.kz.
Агенттік зерттеуіне Ұлттық статистика бюросының үй шаруашылықтарына жүргізген іріктемелі сауалнамасы негіз болған. Оның нәтижесіне қарағанда, 2026 жылдың екінші тоқсанында қазақстандық отбасылар тұтынуға жұмсаған шығынының 53,7 пайызын азық-түлікке арнаған. Ал барлық ақшалай шығынның 48,7 пайызы тамаққа кеткен.
Бір үй шаруашылығы үш айда азық-түлікке орта есеппен 553,4 мың теңге жұмсаған. Соның үштен бірі, яғни 183,7 мың теңгесі ет пен ет өнімдерін сатып алуға кеткен.
Қазақстанның орташа тұрғыны үш айда 31,2 келі нан, ұн, макарон және басқа да дәнді дақыл өнімдерін, 21,6 келі ет, 21,6 келі көкөніс, 18,1 келі жеміс, 11,4 келі картоп тұтынған. Бұған қоса 61,5 литр сүт өнімдерін пайдаланып, 55-ке жуық жұмыртқа жеген.
Қалада ет көбірек, ауылда нан көп желінеді
Қала мен ауыл тұрғындарының ас мәзірінде де айырмашылық бар. Қалада тұратындар етті, сүт өнімдерін, жұмыртқа мен жемісті көбірек тұтынса, ауыл тұрғындары нан мен дәнді дақыл өнімдерін көбірек жейді.
Мәселен, үш айда қаладағы бір адам орта есеппен 22,8 келі ет жеген. Ауылда бұл көрсеткіш 19,4 келі болған. Қала тұрғындары 66,3 литр сүт өнімдерін тұтынса, ауылдағылар 53 литр пайдаланған. Жұмыртқа тұтынуда да айырмашылық бар: қалада бір адамға 60,5 жұмыртқадан, ауылда 44,6 жұмыртқадан келген.
Есесіне ауыл тұрғыны үш айда 34,2 келі нан мен дәнді дақыл өнімдерін жеген. Қалада бұл көрсеткіш 29,5 келіні құраған.
Сүт таңдауда да ерекшелік байқалады. Ауыл тұрғындары көбіне шикі сүт ішеді. Үш айда бір адамға орта есеппен 5,3 литрден келген. Ал қалалықтар пастерленген сүтті көбірек тұтынады, оның мөлшері 5,2 литр болған.
Қала тұрғындары бөтелкедегі ауызсуды да бес есе көп сатып алады. Бір адамға 6,9 литрден келсе, ауылда бұл көрсеткіш небәрі 1,3 литр.
Ауылдағы отбасылар тұтыну шығынының 56,4 пайызын тамаққа жұмсайды. Қалада бұл үлес 52,6 пайыз.
Етті Жетісу мен Қарағандыда, балықты солтүстікте көп жейді
Өңірлерге бөлгенде айырмашылық тіпті айқын көрінеді.
Етті ең көп тұтынатындар Жетісу және Қарағанды облыстарында тұрады. Бұл өңірлерде бір адам үш айда орта есеппен 25,5 келі ет жеген. Үшінші орында Маңғыстау облысы тұр. Мұнда көрсеткіш 25 келіге жеткен.
Ал етті ең аз тұтынатын өңір – Түркістан облысы. Бір тұрғынға небәрі 15,8 келіден келген. Шымкентте 16,4 келі, Қызылорда облысында 16,7 келі болған. Осылайша етті ең көп және ең аз тұтынатын өңірлердің арасындағы айырмашылық 1,6 есеге жеткен.
Сүт өнімдерін тұтынуда Ақмола облысы алда. Мұнда бір адам үш айда 87,5 литр сүт өнімдерін пайдаланған. Қарағанды облысында бұл көрсеткіш 83 литр.
Ал Қызылорда облысында 43,1 литр, Шымкентте 44,8 литр ғана болған. Яғни аталған өңірлердегі айырмашылық екі есеге жуық.
Жұмыртқаны ең көп жейтіндер де Қарағанды облысында тұрады. Үш айда әр адамға орта есеппен 87,4 жұмыртқадан келген. Ал Маңғыстау облысында небәрі 36,9 жұмыртқа тұтынылған.
Есесіне Түркістан облысы нан мен көкөніс тұтынудан көш бастап тұр. Мұнда бір тұрғын үш айда 39,3 келі нан және дәнді дақыл өнімдерін, 27,8 келі көкөніс жеген. Бұл – елдегі ең жоғары көрсеткіш.
Нан мен дәнді дақыл өнімдерін ең аз тұтынатындар Алматыда (24,9 келі), Маңғыстау облысында (26 келі) және Астанада (26,1 келі) тұрады.
Қызығы, осы үш өңір жеміс тұтынудан алдыңғы орындарға шыққан. Маңғыстау облысында бір адам үш айда 23,2 келі, Алматыда 22 келі, Астанада 21,5 келі жеміс жеген. Ел бойынша орташа көрсеткіш – 18,1 келі.
Ал балыққа келгенде Солтүстік Қазақстан облысы көш бастап тұр. Мұнда бір адам үш айда орта есеппен 6,3 келі балық тұтынған. Шымкентте бұл көрсеткіш небәрі 1,2 келі. Айырмашылық бес еседен асады.
Байлар тамаққа кедейлерден үш есе көп ақша жұмсайды
Energyprom зерттеуіндегі тағы бір назар аударарлық жайт – табысы әртүрлі отбасылардың тамаққа жұмсайтын ақшасы.
2026 жылдың екінші тоқсанында ең ауқатты қазақстандықтардың 20 пайызы азық-түлік пен алкогольсіз сусындарға ай сайын бір адамға орта есеппен 100,4 мың теңге жұмсаған.
Ал табысы ең төмен тұрғындардың 20 пайызында бұл сома 31 мың теңге ғана болған. Айырмашылық – 3,2 есе.
Ең бай және ең кедей 10 пайыздық топтарды салыстырғанда алшақтық одан да үлкен. Біріншілері айына 118,5 мың теңге жұмсаса, екіншілерінің шығыны 27,3 мың теңгеден аспаған. Бұл – 4,3 есе айырмашылық.
Алайда табысы төмен азаматтар тапқан ақшасының көбірек бөлігін тамаққа жұмсауға мәжбүр. Олардың тұтыну шығынының 57,3 пайызы азық-түлікке кетсе, ауқатты тұрғындарда бұл көрсеткіш 49,6 пайыз.
Кафе мен мейрамханада тамақтануға жұмсалатын ақша да екі топта екі түрлі. Ауқатты азаматтар бұған ай сайын бір адамға орта есеппен 5,6 мың теңге жұмсаса, табысы төмендер 600 теңгеге де жетпейтін ақша шығындаған. Айырмашылық – 9,5 есе.
Отбасы мүшелерінің саны да тамақ тұтынуға әсер етеді. Жалғыз тұратын адам үш айда орта есеппен 39,4 келі ет жесе, бес және одан көп адамнан тұратын отбасыларда әр адамға 15,9 келіден келген. Мұның бір себебі – көпбалалы отбасыларда балалардың болуы.
Қазақстандықтар қажетті мөлшерден көп калория тұтынады
Зерттеуде қазақстандықтардың күнделікті тамағының қуаттылығы да қарастырылған.
2025 жылдың қорытындысы бойынша бір қазақстандықтың тәуліктік ас мәзірінің қуаттылығы орта есеппен 3284 килокалория болған. Бұл ең төменгі қажетті мөлшерден, яғни 1867 килокалориядан 1,8 есе жоғары.
Ауыл тұрғындарының тамағы қаладағыларға қарағанда қуаттырақ. Ауылда тәуліктік көрсеткіш 3445 килокалория болса, қалада 3192 килокалорияны құраған.
Бұл жағынан да Түркістан облысы алда. Мұнда бір тұрғынның күнделікті тамағы 4446 килокалорияға жеткен. Зерттеушілер мұны өңірде нан мен дәнді дақыл өнімдерінің көп тұтынылуымен байланыстырады.
Ал ең төменгі көрсеткіш Шымкентте (2744 килокалория) және Атырау облысында (2800 килокалория) тіркелген.
Сонымен бірге тәуліктік тамағының қуаттылығы ең төменгі қажетті мөлшерге жетпейтін тұрғындардың үлесі азайған. 2023 жылы олардың үлесі 1,4 пайыз болса, 2025 жылы 0,9 пайызға түскен.
Дегенмен зерттеушілер бір маңызды жайтты ескертеді: тамақтың калориясы жеткілікті болуы оның ағзаға пайдалы әрі құрамы жағынан теңгерімді екенін білдірмейді.
Яғни бір өңірде ет көп, екіншісінде нан мол желінгенімен, бұл тұрғындардың дұрыс тамақтанып жүргенін көрсетпейді. Ал азық-түлікке кететін шығынға қарасақ, қазақстандық отбасылардың тұтынуға жұмсайтын ақшасының жартысынан көбі әлі де ас-ауқатқа кетіп отыр.
Соңғы жаңалықтар