Валюта айырбастаушыларды өлтіріп, мәйіттерін аулаға көмген күдікті ұсталды

Валюта айырбастаушыларды өлтіріп, мәйіттерін аулаға көмген күдікті ұсталды
Фото: lifehacker.ru

Тәжікстанның Исфара қаласында ірі көлемдегі ақшаны иемдену үшін екі валюта айырбастаушыны өлтірді деген күдікпен 40 жастағы ер адам ұсталды, деп хабарлайды Politico.kz.

Тергеу нұсқасы бойынша, Күлканд ауылдық аймағының тұрғыны Фаррух Мирзоев валюта айырбастаумен айналысатын Ойбек Отабеков пен Фирдавсджон Савриддиновті «ірі соманы айырбастау керек» деген сылтаумен үйіне шақырған. Ер адамдардың бірі күдіктіні бұрыннан танитын болғандықтан, ұсынысқа сеніп үйіне барған.

Құқық қорғау органдарының мәліметінше, күдікті алдымен Савриддиновті аңшы мылтығымен атып, кейін Отабековті тұншықтырып өлтірген. Осыдан кейін екі мәйітті өз ауласына көміп тастаған. Марқұмдардың жақындары олармен байланыс үзілген соң полицияға хабарлап, қылмыс жедел ашылды.

Полиция таратқан ресми дерекке сәйкес, күдікті марқұмдардың 400 мың тәжік сомониі мен 3 миллион Ресей рублін иемденген. Ал кейбір бейресми ақпарат құралдарында айтылған «60 мың доллар қолды болды» деген мәлімет ресми органдар тарапынан расталмаған.

Қазіргі уақытта аталған оқиға бойынша Тәжікстан ҚК-нің 104-бабы 2-бөлігі (екі немесе одан да көп адамды өлтіру) бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдікті қамауға алынды. Бұл бап бойынша 15 жылдан бастап өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Құқық қорғау органдары қылмыстың басқа да мән-жайларын анықтау үшін тергеу шараларын жалғастырып жатыр.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу