2025 жылы Қазақстанда қатерлі ісікті емдейтін жаңа дәрі сатылымға түседі

Қазақстандық ғалымдар әзірлеген қатерлі ісікке қарсы жаңа препарат 2025 жылдың соңына дейін нарыққа шығуы мүмкін, деп хабарлайды POLITICO.KZ. Бұл туралы ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мәлімдеді, деп жазады CMN.KZ.
Министрдің айтуынша, жаңа дәрі қазір клиникалық сынақтың екінші кезеңінен өтуде. Бірінші кезең өткен жылы аяқталған. Биыл сынаққа қатысатын пациенттердің саны артқан және дәрі түрлі онкологиялық ауруларға сыналуда.
«Өткен жылы бұл препарат тек тоқ ішек қатерлі ісігіне қарсы сынақтан өткізілсе, биыл барлық қатерлі ісік түрлеріне сынақ жүріп жатыр», – деді Саясат Нұрбек.
Зерттеу нәтижелері бойынша препараттың тиімділігі дәлелденген: дәріні қабылдаған науқастарда ісіктің көлемі орта есеппен 30%-ға азайған. Сонымен қатар, сынаққа қатысқан пациенттерде ремиссия байқалған.
Министр сынақтардың сәтті өтуіне Денсаулық сақтау министрлігінің айтарлықтай қолдау көрсетіп отырғанын атап өтті.
«Бұл өте күрделі және ұзақ процесс, өйткені мұндай препараттарды зерттеу кемінде он жылға созылады», – деді ол.
Айта кетейік, қазіргі уақытта қазақстандық ғалымдар жасаған препарат клиникалық сынақтың екінші кезеңінен өтіп жатыр және мамандар оның нәтижесіне үлкен үміт артуда.
Соңғы жаңалықтар





