Екі ұлының көзінше өлтірілген Санияның ісі сотқа жетті

Екі ұлының көзінше өлтірілген Санияның ісі сотқа жетті

Астанада екі баласының көзінше қаза тапқан 31 жастағы Сания Әлімжанованың ісі сотқа жетті. Алайда сотта әйелдің өліміне кінәлі деп күдікке ілінген Ержан Иманқұловқа жаза тағайындау емес, оны мәжбүрлеп емдеу мәселесі қаралмақ. Бұл шешімге марқұмның ісін көтеріп жүрген құқық қорғаушы Дина Таңсәрі мен «НеМолчиKZ» қоры келіспей отыр, деп хабарлайды Politico.kz.

Құқық қорғаушының хабарлауынша, бүгін, 28 қазанда Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Айжан Құлбаева істі сотта қарауға тағайындаған. Келесі отырыс 6 қарашада өтеді.

Дина Таңсәрі бұл туралы әлеуметтік желіде жазып, Санияның полицияға 102 нөмірі арқылы хабарласқан сәтіндегі сөйлесудің аудиожазбасын да жариялады.

– Бірақ сотта кісі өлтіру ісі емес, Ержан Иманқұловты мәжбүрлеп емдеу туралы қаулы қаралады. Ол 2025 жылғы 19 маусымда Сания Әлімжанованың үйіне алдын ала дайындалып келіп, оны балаларының көзінше өлтірді. Балалардың шақыруымен көршілер жетіп, оны тоқтатты. Сания полицияға хабарласып үлгерген, – деп жазды құқық қорғаушы.

Дина Таңсәрінің айтуынша, Астана прокуратурасы Ержан Иманқұловтың оқиға кезіндегі психикалық жағдайына қатысты сараптама қорытындыларына сүйеніп отыр.

Құқық қорғаушының сөзінше, құжаттарда оның сол кезде орташа дәрежедегі депрессиялық күйде болғаны, ал қазір оқиғаға қатысты жадында ақау бар екені көрсетілген.

Алайда «НеМолчиKZ» қоры мұндай тұжырыммен келіспейді.

– Астана прокуратурасы Ержанның сол кезде орташа дәрежедегі депрессиялық күйде болғанын, ал қазір амнезияға шалдыққанын алға тартып отыр. «НеМолчиKZ» қоры бұл қорытындымен келіспейді. Депрессия психоздық диагноз емес. Біз биыл наурыздан бері оның кісі өлтіру ісі бойынша сот алдында жауап беруін талап етіп келеміз, – деді Дина Таңсәрі.

Құқық қорғаушы тәуелсіз сарапшының қорытындысына да назар аударған. Оның айтуынша, сарапшы күдіктінің өз жағдайын әдейі басқаша көрсетуі мүмкін екенін жоққа шығармаған.

Таңсәрі Ержанның жадындағы ақау тек Санияның өліміне қатысты оқиғаларды қамтитынына күмән келтіреді.

Сондай-ақ ол прокуратура сүйеніп отырған F07.8 диагнозына қатысты сұрақ көтерді. Бұл – аурулардың халықаралық жіктемесіндегі ми қызметінің бұзылыстарына байланысты әртүрлі жағдайларды қамтитын санат.

Құқық қорғаушының пікірінше, мұндай диагноздың өзі адамның оқиға кезіндегі психикалық жағдайын толық анықтауға жеткіліксіз. Ол үшін нақты тексеру нәтижелері, ауру тарихы мен мамандардың қорытындылары жан-жақты зерттелуі керек.

Дина Таңсәрі Ақтас ауруханасындағы Ержан Иманқұловтың ауру тарихында жазылған мәліметті де жариялады.

Оның келтірген үзіндісінде ер адамның ауруханада жатқанына көңілі толмайтыны және жақын арада босатылатынына үміттенетіні айтылған.

– Өз әрекетін бақылауға тырысады. Ауруханада жатқанына қиналатынын жасырмайды. «Жақында мені шығарып алады, өйткені мен өз әрекетіме жауап бере алмайтын жағдайда болдым» деп үміттенеді, – делінген құқық қорғаушы жариялаған медициналық құжаттан алынған үзіндіде.

Дина Таңсәрі бұл мәліметтерді күдіктінің психикалық жағдайына қатысты сараптама қорытындыларын қайта қарау қажеттігіне негіз деп есептейді.

Еске салайық, қайғылы оқиға 2025 жылғы 19 маусымда Астанада болған.

31 жастағы Сания Әлімжанованың артында 7 және 10 жастағы екі баласы қалды.

Бұған дейін тараған мәліметтерге сүйенсек, Сания өзімен қарым-қатынаста болған Ержан Иманқұловтың құмар ойындарға әуестігін және 10 миллион теңге қарызы барын білгеннен кейін онымен байланысын үзбек болған.

Алайда сол күні ер адам Санияның үйіне келген. Әйелге жасалған шабуылға оның екі баласы куә болған. Балалардың шақыруымен көршілер көмекке келген.

Оқиғадан кейін Ержан Иманқұловтың психикалық жағдайы мен әрекеттеріне байланысты түрлі тұжырымдар айтылып келеді. Қазір құқық қорғаушылар оның қылмыстық жауаптылығы мәселесі толық қаралуы керек деп есептейді.

6 қарашаға белгіленген сот отырысын судья Айжан Құлбаева қарайды.

Ол бұған дейін қоғам назарын аударған бірнеше қылмыстық істі қараған. Атап айтқанда, бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевқа, кәсіпкер Абылай Мырзахметовке, бұрынғы депутат Нұржан Әлтаевқа және журналист Махамбет Абжанға қатысты сот процестерінде үкім шығарған.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу