2026 жылы МӘМС жүйесінде қандай өзгерістер болады?

2026 жылы МӘМС жүйесінде қандай өзгерістер болады?
06.10.2025 14:51
0
61
ашық дереккөзден

2026 жылдан бастап МӘМС жүйесіне деректер беретін мемлекеттік органдар тізімі жаңартылады.

Қазақстан Үкіметі міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіне ақпарат ұсыну тәртібін жаңартып, тиісті қаулының 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енетінін хабарлады. Бұл өзгерістер азаматтар мен шетелдік тұлғалар туралы деректерді жинау және беру механизмін жетілдіруге бағытталған. Негізгі мақсат — Қазақстан азаматтары мен ел аумағында уақытша тұратын Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) елдерінің еңбек мигранттары және олардың отбасы мүшелері туралы мәліметтердің уақтылы әрі толық жеткізілуін қамтамасыз ету. Бұрынғыдай, барлық ақпарат «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы жолданып, деректер міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың бірыңғай ақпараттық жүйесіне жеткізіледі.

Жаңартылған қаулыда «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» заңның 26 және 26-1 баптарына нақты сілтемелер енгізіліп, мәлімет ұсынуға жауапты мемлекеттік органдардың тізімі кеңейтілді. Енді деректер тек Қазақстан азаматтарына ғана емес, ЕАЭО елдерінен келген еңбек мигранттары мен олардың отбасы мүшелеріне де қатысты берілетін болады. Құжаттың 1-тармағына сәйкес, қосымшада көрсетілген барлық мемлекеттік органдар мәлімет ұсынуға міндетті.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне қатысты бөлімдер де толықтырылды. Енді министрлік деректерді бірнеше цифрлық жүйелер арқылы береді, олардың қатарында «Еңбек нарығы» ақпараттық жүйесі, «Зейнетақы мен жәрдемақы алушылардың орталықтандырылған базасы», «Төлемдерді өңдеу ұйымы» және «Отбасының цифрлық картасы» бар. Бұл жүйелер арқылы министрлік ресми тіркелген жұмыссыздар, мүмкіндігі шектеулі баланы бағып отырған ата-аналар мен қамқоршылар, І топтағы мүгедектігі бар азаматтарға күтім жасайтын тұлғалар, зейнеткерлер, Ұлы Отан соғысы ардагерлері және үш айдан астам зейнетақы жарнасы аударылмаған әлеуметтік осал азаматтар туралы мәлімет ұсынады.

Сонымен қатар жаңартылған тізімге Қазақстан Республикасының Сот әкімшілігі де енгізілді. Ол МӘМС жүйесіне қажетті деректерді сот органдарының ақпараттық жүйесі арқылы ұсынатын болады. Сарапшылардың пікірінше, бұл түзетулер деректер алмасу процесін жетілдіріп, әлеуметтік тұрғыдан осал топтардың медициналық сақтандыру жүйесімен толық қамтылуын қамтамасыз етеді.

Жаңа қаулы МӘМС жүйесін цифрландыру және әлеуметтік әділдікке бағытталған реформалардың маңызды бөлігі саналады. 2026 жылдан бастап деректер беру ауқымы кеңейіп, шетелдіктер мен ЕАЭО елдерінен келген еңбек мигранттары да қамтылатын болады. Бұл өзгерістер медициналық сақтандыру жүйесінің ашықтығын арттырып, әлеуметтік сақтандыру саласында деректердің өзектілігі мен тиімділігін күшейтуге ықпал етпек.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий