2026 жылы Қазақстанда кеңінен таралған екі банкнота қолданыстан шығады
Ұлттық банк 10 000 теңгелік ескі үлгідегі банкноттардың айналымда жүру мерзімін ұзарту мүмкіндігін қарастырып жатыр, деп хабарлайды Politico.kz.
Ұлттық банктің мәліметінше, “Сақ стилі” банкноттарының жаңа сериясы кезең-кезеңімен айналымға енгізіліп жатыр. 2026 жылдың соңына жоспарланған 20 000 теңгені қоспағанда, барлық номиналдағы жаңа банкноттар қолданысқа шыққан.
Қазіргі жоспар бойынша, 2026 жылы 2 000 және 10 000 теңгелік банкноттардың қатар айналымда жүру мерзімі аяқталуы тиіс. Атап айтқанда, 10 000 теңге 2026 жылдың 27 маусымына дейін, ал 2 000 теңге 2026 жылдың 24 маусымына дейін қолданыста болады.
Алайда Ұлттық банк бұл мерзімнің бір мезгілде аяқталуы банк жүйесіне қосымша салмақ түсіруі мүмкін екенін атап өтті. Осыған байланысты айналым мерзімін ұзарту халық пен бизнеске ескі банкноталарды біртіндеп және ыңғайлы түрде жаңасына ауыстыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, айналым кезеңі аяқталғаннан кейін азаматтар ескі банкноталарды барлық банктер мен “Қазпошта” бөлімшелерінде 3 жыл бойы, ал Ұлттық банктің филиалдарында мерзімсіз айырбастай алады.
Соңғы жаңалықтар