2026 жылы Қазақстанда зейнетақы қалай өзгереді?

2026 жылы Қазақстанда зейнетақы қалай өзгереді?
11.10.2025 12:35
0
495
Ulysmedia.kz коллажы

2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда зейнетақы төлемдерінің мөлшері өседі. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады, деп жазады POLITICO.KZ Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

Министрлік өкілдері зейнетақы жүйесі үш негізгі құрамдас бөліктен тұратынын еске салды: ынтымақты, базалық және жинақтаушы бөліктер.

«Жасына байланысты зейнетақы еңбек өтілі 1998 жылдың 1 қаңтарына дейінгі азаматтарға тағайындалады. Базалық зейнетақы – зейнет жасына жеткен барлық адамдарға төленеді, оның мөлшері зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне байланысты және ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70–110 пайызы аралығында белгіленеді. Ал жинақтаушы зейнетақы көлемі міндетті зейнетақы жарналары аударылған табыс пен жинақ сомасына тәуелді», – делінген министрліктің Tengrinews.kz ресми сауалына берген жауабында.

Ведомство өкілдері Әлеуметтік кодекстің 197-бабына сәйкес, жасына және еңбек сіңірген жылдарына байланысты зейнетақы төлемдері жыл сайын республикалық бюджет туралы заңда бекітілген мөлшерде ұлғайып отыратынын атап өтті.

Зейнетақы 2026 жылдан бастап 10 пайызға өседі

«2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап жасына байланысты зейнетақы төлемдерін 10 пайызға арттыру жоспарланып отыр. Сондай-ақ базалық зейнетақының мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің өзгеруіне байланысты көбейтіледі», – деп мәлім етті министрлік.

Сонымен қатар, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) арқылы төленетін жинақтаушы зейнетақылар да жыл сайын 5 пайызға индекстеледі. Бұл өсім елдегі барлық зейнеткерлерге қатысты болады.

Базалық зейнетақы кезең-кезеңімен артады

Министрлік Президенттің тапсырмасына сәйкес, базалық зейнетақыны кезең-кезеңімен арттыру жалғасып жатқанын еске салды.

«2023 жылдан бастап бес жыл ішінде базалық зейнетақының мөлшері жыл сайын ұлғаяды: ең төменгі базалық зейнетақы – ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызына дейін, ал ең жоғарысы – 120 пайызына дейін өседі. 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап базалық зейнетақының ең жоғары мөлшері 110 пайыздан 118 пайызға дейін ұлғайтылады», – делінген министрліктің түсіндірмесінде.

2026 жылғы зейнетақы мөлшері

Индекстеуден кейін 2026 жылы:

ең төменгі зейнетақы – 104 645 теңге (оның ішінде базалық бөлік – 35 609 теңге);

ең жоғары зейнетақы – 238 412 теңге (оның ішінде базалық бөлік – 60 005 теңге) болады.

«2026 жылға арналған зейнетақы төлемдеріне жұмсалатын шығындар 2026–2028 жылдарға арналған республикалық бюджеттің жобасында қарастырылған. Қазір бұл жоба Мәжілісте талқылануда», – деп толықтырды министрлік.

Зейнет жасы мен реформалар

Министрлік сондай-ақ Қазақстандағы зейнет жасы ерлер үшін – 63 жас, ал әйелдер үшін – 61 жас екенін (2028 жылға дейін) нақтылады.

«Министрлік зейнетақы заңнамасын жетілдіру бағытында тұрақты жұмыс жүргізіп келеді. Бұл ретте жаңа тәсілдер сарапшылар қауымдастығымен талқыланып, халықаралық тәжірибе зерттелуде», – деп атап өтті ведомство.

 

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий