20-да неге 6,67 млн жинау керек: БЖЗҚ себебін түсіндірді

09.06.2026 18:04 Абзал БАХЫТЖАНОВ
20-да неге 6,67 млн жинау керек: БЖЗҚ себебін түсіндірді
204
Фото: Максим Золотухин

6 маусым күні Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) қазақстандықтар үшін 2026 жылға арналған жеткіліктілік шегінің жаңа мөлшерін жариялады. Енді 20 жастағы азаматтар зейнетақы жинағының бір бөлігін алу үшін шотында кемі 6,67 млн теңге болуы шарт, деп хабарлайды Politico.kz.

Жаңа ережеге сай жас ерекшелігіне қарай шекті сома айтарлықтай өскенін көруге болады. 30 жастағыларға 9,75 млн теңге, 40 жастағыларға 13,37 млн теңге қажет болса, 50 және 60 жастағы азаматтар тиісінше 17,59 млн және 22,5 млн теңге жинауы тиіс. Осыған орай БЖЗҚ жастар үшін бұл көрсеткіштің не себепті 6 млн теңгеден асатынын нақтылады.

Зейнетақы қорының мәліметінше әлемдік тәжірибеде адамдар қартайған шаққа қаражатты 30 немесе 40 жыл бойы жинайды.

«Өзге елдерде азаматтар зейнетақы жинақтарын бүкіл еңбек қызметі бойы (30–40 жыл) жинайды. Осыған байланысты ерте жаста (мысалы, 20 жаста) жеткілікті зейнетақы жинағын қалыптастыру іс жүзінде мүмкін емес екені анық. Бұл тиісті актуарлық есептеулермен және халықаралық тәжірибемен расталады», — деп хабарлады БЖЗҚ.

Сондай-ақ мекеме мамандарының сөзіне қарағанда, қаражатты ерте бастан шешіп алу болашақтағы қаржылық қауіпсіздікке кері әсер етеді.

«Сондай-ақ еңбек жолының бастапқы кезінде аударылатын зейнетақы жарналары уақыт өте ұзақ мерзім бойы инвестицияланатыны және «күрделі пайыздың» есептелуі арқасында ең жоғары инвестициялық кірісті құрайтыны белгілі. Сол себепті жинақтарды жас кезде алу зейнеткерлік жасқа жеткендегі болашақ жинақтардың көлемін айтарлықтай азайтады», — делінген қор хабарламасында.

Таралған ақпаратта жеткіліктілік шегін есептеу жүйесі адамның қазіргі жалақысына емес, қартайғанда алатын төлеміне тікелей тәуелді екені айтылған.

«Ең төменгі жеткіліктілік шегін (ТЖШ) есептеу салымшының қазіргі табысына емес, оның болашақта алуы тиіс нысаналы зейнетақысының көлеміне негізделеді. Ол үшін тиісті жаста зейнетақы шотында болуы керек және тіпті болашақта жарналар аударылмаған күннің өзінде қарттық шақта зейнетақы жинақтарының жеткілікті сомасын қамтамасыз ете алатын ең төменгі жинақ сомасы есептеледі», — деп нақтылады олар.

Қор өкілдері бұл жүйені 20 жастағы азаматтың мысалында қарапайым тілмен түсіндіріп берді.

«Мысалы, егер салымшы 20 жаста болса, оның зейнетке шығуына әлі 40 жылға жуық уақыт бар. Осы кезеңде оның жинақтары инвестицияланып, инвестициялық кіріс әкелуі және болашақ зейнетақы төлемдерін қамтамасыз етуі тиіс. Егер қандай да бір себептермен жас азамат зейнетақы жарналарын аударуды тоқтатса да, шотта 6 млн теңгеден астам қаражаттың болуы инвестициялық кіріс есебінен зейнеткерлік жасқа қарай зейнетақымен қамсыздандырудың ең төменгі стандартына сәйкес келетін мақсатты деңгейден төмен емес мөлшерде төлемдер алуға қажетті жинақты қамтамасыз етеді», — деді БЖЗҚ.

Бұған қоса мекеме зейнетақы аннуитетінің құны есептік шамадан түспеуі қажеттігін алға тартты.

«Мәселен, салымшыға өмір бойы төленетін төлемдерге кепілдік беретін зейнетақы аннуитетінің құны есептік шамадан төмен болуы мүмкін емес. Сақтандыру компаниясы бұл құнды тек салымшының жас екендігіне немесе аннуитетті сатып алу үшін табысының жеткіліксіз болғанына сүйеніп қана төмендете алмайды. Дәл сол сияқты, ТЖШ шамасы да болашақта зейнетақы төлемдерінің мақсатты мөлшерін қамтамасыз ету үшін қажетті есептік деңгейден төмен болмауы тиіс», – деп түсіндірді қор.

Бұл мәліметтерге сүйенсек, жастарға қойылатын талаптар толығымен халықаралық стандарттар негізінде бекітіліп отыр.

«Сондықтан жастар үшін ТЖШ-ның жоғары мәндері олардың болашақта қандай мақсатты зейнетақы алуы керек екендігімен анықталады. Нысаналы төлемдер халықаралық стандарттарға сай келетін зейнетақымен қамсыздандырудың ең төменгі әлеуметтік стандарттарынан аз болмауы керек. ХЕҰ (Халықаралық еңбек ұйымы) ұсынымына сәйкес, кірісті алмастырудың ең төменгі коэффициенті (КАК) – зейнетақының зейнетке шығар алдындағы еңбек табысына арақатынасы – 40%-дан төмен болмауы шарт», — делінген БЖЗҚ ресми ақпаратында.

Войдите, чтобы оставить комментарий