Кіші дәрет, кіші жаза: Астанада ер адам 10 тәулікке қамалды

Кіші дәрет, кіші жаза: Астанада ер адам 10 тәулікке қамалды
Фото: Бейнеден кадр

Астанада түнгі клубтың жанында кіші дәрет сындырған ер адам 10 тәулікке қамауға алынды. Оның бұл әрекеті бейнежазбаға түсіп, Threads әлеуметтік желісіне тараған, деп хабарлайды Politico.kz.

Оқиға 17 қазанда таңғы сағат 05:00 шамасында болған. Сот анықтағандай, А. есімді азамат түнгі клубтың жанында, көпшілік жүретін жерде кіші дәрет сындырып, қоғамдық тәртіпті бұзған.

Сот отырысында ер адам кінәсін толық мойындап, өкінетінін айтқан. Сондай-ақ сол кезде мас болғанын жеткізген. Оның әрекеті Threads желісінде жарияланған бейнежазбамен де расталған.

Істі 21 қазанда Астана қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қарады.

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабының 1-бөлігі бойынша «ұсақ бұзақылық» жасаған адамға 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салу, 20-дан 60 сағатқа дейін қоғамдық жұмысқа тарту немесе 5-тен 10 тәулікке дейін қамауға алу жазасы қарастырылған.

Сот істің мән-жайын ескеріп, ер адамды кінәлі деп таныды және 10 тәулікке әкімшілік қамаққа алу туралы шешім шығарды.

Сот қаулысы әлі заңды күшіне енген жоқ.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу