24 жастағы ер адам көшеде оқ жаудырды: 6 адам қаза тауып, 16 адам жараланды

24 жастағы ер адам көшеде оқ жаудырды: 6 адам қаза тауып, 16 адам жараланды
Фото: Reuters

Польшадағы Краков қаласының орталығында атыс болып, алты адам қаза тапты, деп хабарлайды Politico.kz.

Тағы 16 адам жарақат алды. Оқиғаға қатысы бар деген күдікпен 24 жастағы ер адам ұсталды. Бұл туралы шетелдік БАҚ хабарлады.

Қайғылы оқиға 7 қараша күні шамамен сағат 15:00-де Краков қаласының тарихи орталығындағы Бас базар алаңы (Rynek Główny) маңында болған. Алдын ала мәлімет бойынша, қара түсті Subaru көлігімен келген ер адам жолай өтіп бара жатқан адамдарға оқ атқан.

Оқиға орнына полиция мен жедел жәрдем қызметкерлері дереу жеткен. Күдікті оқиға орнынан қашуға әрекет жасағанымен, көп ұзамай полицейлер оны тоқтатқан. Оны ұстау кезінде атыс болып, күдікті жараланған. Кейін ол ауруханаға жеткізілді.

Польша полициясының мәліметінше, жараланғандардың арасында екі полиция қызметкері бар. Олардың бірінің жағдайы өте ауыр екені хабарланды. Алғашқы ақпарат бойынша, шабуыл жасаған ер адам жалғыз әрекет еткен.

Оқиғадан кейін тергеу барысында күдіктінің Островец-Свентокшиски қаласындағы үйінен тағы үш адамның мәйіті табылған. Олардың күдіктінің жақын туыстары болуы мүмкін екені айтылды. Құқық қорғау органдары бұл оқиғалардың арасындағы байланысты анықтап жатыр.

Алдын ала мәлімет бойынша, күдікті — Польша азаматы. Оның атыс қаруын иеленуге рұқсаты болған. Қазіргі уақытта полиция мен арнайы қызмет өкілдері шабуылдың себептері мен мән-жайын анықтап жатыр.

Польша премьер-министрі Дональд Туск қайғылы оқиғаға байланысты мәлімдеме жасап, қаза тапқандардың отбасыларына көңіл айтты. Ел президенті Кароль Навроцкийдің шешімімен 8 және 9 қараша күндері Польшада ұлттық аза тұту жарияланды.

 

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу