36 жастағы атыраулық балаларын есірткіге айырбастағанын айтты

27.07.2026 23:21 Томирис САҒЫНДЫҚ
36 жастағы атыраулық балаларын есірткіге айырбастағанын айтты
55
Фото: видеодан скриншот

Атырауда ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан мұнайшылар әулеті өте көп. Сырт көзге мұндай отбасылардың тұрмысы бақуатты, болашағы жарқын әрі тұрақты болып көрінеді. Бірақ кейде әл-ауқат пен материалдық жетістіктің тасасында көзге көрінбейтін, өзекті өртейтін үлкен трагедиялар жатады. 36 жастағы Алмат — Атыраудың байырғы мұнайшылар әулетінің үшінші ұрпағы. Мамандығы сапалы, айлығы жоғары, отбасы бүтін азаматтың өмірі сырттай қарағанда мінсіз еді. Алайда, есірткі мен құмар ойынның шырмауына түскен ол өзі байқамай, туған шаңырағын тозаққа айналдырды, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы 36 жастағы Алмат Sreda бағдарламасына берген сұқбатында айтты.

 «Үйдегі жуынатын бөлме мен үшін оңашаланатын жұмыс кабинетіме айналды. Ол жатын бөлменің іргесінде орналасқан еді. Есіктің арғы жағында жұбайым мен үш балам, ол кезде әлі екеуі еді ұйықтап жататын. Мен болсам, синтетикалық есірткіге елітіп, соны шегіп отыратынмын. Ащы түтіннің иісі бүкіл үйді алып кететін. Дәретхана есігін іштен кілттеп аламын. Балаларым маған ұмтылып, есікті ашпақ болады, бірақ қолдарынан келмейді. Кейінірек олар ол есікті сырттай ашуды да үйреніп алды. Содан соң олар түрткілеп аша алмасын деп, есіктің түбіне үйілген заттарды тіреп қоятынды шығардым»,  —  деді Алмат.

Есірткі мен лудомания адам бойындағы ең асыл сезімдерді — аналық пен әкелік мейірімді, жанашырлық пен жауапкершілікті толығымен жояды. Есіктің ары жағында сыңғырлаған бала үні, «папалаған» пәк жүректердің дауысы естіліп тұрса да, санасы уланған әке үшін тек ұтылған ақшасын қайтару маңыздырақ болды.

«Олар болса сыртта тұрып: «Әке, әке, шықшы, ойын ойнайықшы» деп сарнап тұрады. Ал маған ол сәтте ештеңенің де, ешкімнің де керегі жоқ еді. Маған тек ұтылған ақшамды қайтарып алу керек болды. Бұл менің басты «жұмысым» сияқты көрінетін», — деді  Атырау қаласының тумасы

Алматтың бұл ащы мойындауы — есірткі мен құмар ойынның адам тағдырын қалай күйрететінінің айқын дәлелі. 

«Сөйтсем, дәл осы сәтте санада үлкен бетбұрыс болған екен. Мен үшін отбасым, балаларым, анам, жұмысым, достарым мен жақындарым — бәрі де екінші орынға сырғып, есірткі мен құмар ойын бірінші орынға шығып кетіпті. Адамның өмірлік ұстанымдары осылай заматта ғайып болады екен. Бастапқыда «тек өзім тапқан ақшамды құртып жатырмын, демек, оны қалай жұмсайтынымды өзім білемін» деп ойлайтынмын...» — деп бөлісті Алмат.

Алматтың оқиғасы — бүгінгі қоғамдағы ең өзекті де қатерлі дертіміздің көрінісі. Синтетикалық есірткі мен онлайн-казиноның шырмауына түскен адам әлеуметтік мәртебесіне, тектілігіне немесе табысына қарамай осылай құрдымға кетеді. Ең бастысы — бұл дертті уақытылы мойындап, көмекке жүгіну.

Войдите, чтобы оставить комментарий