Мың теңге үшін басталған жанжал: Қызылордада орталық алаңда жасөспірім қаза тапты

Мың теңге үшін басталған жанжал: Қызылордада орталық алаңда жасөспірім қаза тапты
Фото: threds

Қызылорда қаласының орталық алаңында жасөспірімдер арасындағы төбелес қайғылы аяқталып, бір бала көз жұмды, деп хабарлайды Politici.kz.

Қаралы оқиғаға қатысты марқұмның туыстары әлеуметтік желіде үндеу жасап, әділ тергеу жүргізуді талап етіп отыр.

Марқұм Нұрисламбектің туыстарының айтуынша, оқиға небәрі 1000 теңге көлеміндегі ақшаға байланысты туындаған келіспеушіліктен басталған.

«Біздің білуімізше, Мирас бауырыма күші жетпегендіктен, алдын ала дайындап қойған бұрауышпен (отвёрткамен) шабуыл жасаған. Сол бұрауышты бауырымның жүрек тұсына сұғып алған. Бұл жағдайға басқа екі адамның да қатысы болуы мүмкін деген күдігіміз бар. Олардың бірі — әйел, екіншісі — оның күйеуі. Жанжалға солар әсер еткен болуы мүмкін. Осы жағдайдың барлығы толық әрі әділ тергелуін талап етеміз», — деп жазды туысы желідегі парақшасында.

Аталған оқиғаға байланысты Қызылорда облыстық полиция департаменті ресми түсініктеме берді. Тәртіп сақшылары кәмелетке толмағанның абайсызда өліміне әкеп соққан қасақана ауыр дене жарақатын келтіру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді. Сондай-ақ кәмелетке толмаған күдіктінің облыстық Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылғанын және жасөспірімді тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамау дерегі бойынша да іс тіркелгенін нақтылады.

Қазіргі таңда тәртіп сақшылары қайғылы жағдайдың мән-жайын жан-жақты анықтау үшін тергеу шараларын жүргізіп жатыр.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу