46 кеншінің өмірін жалмаған апат: Костенко шахтасының басшылары түрмеде қалады

17.12.2025 10:51 Арман Ермеков Арман Ермеков
46 кеншінің өмірін жалмаған апат: Костенко шахтасының басшылары түрмеде қалады
0
279
Фото: Wikipedia

Қарағандыда 46 кеншінің өліміне әкеп соққан алапат жарылысқа қатысты сот үкімі өзгеріссіз қалды. Бүгін облыстық соттың қылмыстық істер жөніндегі алқасы Костенко шахтасының бұрынғы басшылығының апелляциялық шағымын қанағаттандырудан бас тартты, деп хабарлайды Politico.kz.

Сот алқасы іс материалдарын қайта қарап шығып, бірінші сатыдағы соттың шешімін заңды әрі негізді деп тапты. Осылайша, 2025 жылғы 15 тамызда Әлихан Бөкейхан аудандық соты шығарған үкім күшіне енді.

Тергеу мәліметтеріне сүйенсек, шахта басшылығы тау-кен жұмыстарын жүргізу кезіндегі қауіпсіздік ережелерін өрескел бұзған. Салдарынан жер астында көмір шаңы жанып, жойқын жарылыс болған. Апат кезінде 46 адам қаза тауып, тағы 26 кенші жарылыс толқыны мен улы газдың әсерінен ауыр және орташа деңгейде жарақат алған болатын.

2023 жылғы 28 қазанда Костенко шахтасындағы жарылыстан қаза тапқандардың тізімі

Сот үкімімен жаза арқалағандардың тізімі мен мерзімі төмендегідей:

  • Сергей Мустивко (Шахта директоры) – 8 жылға бас бостандығынан айырылды;
  • Вадим Еремин (Директордың өндіріс жөніндегі орынбасары) – 7 жыл;
  • Николай Грознов (Бас инженер) – 7 жыл;
  • Виктор Коптенков (№6 учаске бастығы) – 7 жыл;
  • Владимир Гонноченко (Бас инженердің үңгілеу жөніндегі орынбасары) – 6 жыл 6 ай;
  • Дмитрий Федоренко (Бас инженердің қауіпсіздік техникасы жөніндегі орынбасары) – 6 жыл;
  • Дмитрий Коцар (Бас механик) – 6 жыл;
  • Виталий Пестрятак (Шаң-жарылыстан қорғау учаскесі бастығының көмекшісі) – 6 жыл;
  • Владимир Шишканов (Желдету және қауіпсіздік техникасы учаскесінің бастығы) – 5 жыл;
  • Төлеген Ғабдүшев (Конвейерлік көлік учаскесінің бастығы) – 5 жыл.

Бұдан бөлек, сотталғандардың барлығы жазасын өтеп болған соң, тау-кен өнеркәсібі саласында 3 жыл бойы басшылық қызмет атқару құқығынан айырылды.

Оларға Қылмыстық кодекстің 277-бабының 3-бөлігі (Тау-кен жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік қағидаларын бұзып, абайсызда екіден астам адамның өліміне әкеп соғу) бойынша айып тағылған еді. Сотталушылар мен олардың адвокаттары үкімді жеңілдетуді немесе ақтауды сұрағанымен, сот алқасы кінәлілердің жазадан құтылуына негіз таппады.

Бүгіннен бастап сот үкімі ресми түрде заңды күшіне енді.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий