Қазақстан мен Қытай цифрлық деректерді бірге саудаламақ

Қазақстан мен Қытай цифрлық деректерді бірге саудаламақ
Фото: chinadaily.com.cn

Қазақстан мен Қытай экономикалық ынтымақтастықтың жаңа бағытына бет бұрды. Енді екі ел компаниялары тауар мен қызмет қана емес, цифрлық деректерге негізделген өнімдерді де ортақ нарыққа шығара алады. Бұл туралы қытайлық China Daily басылымы жазды, – деп хабарлайды Politico.kz.

Жоба 30–31 қазанда Шанхайда өткен Global Data Ecosystem Conference 2026 халықаралық конференциясында ресми түрде басталған.

Ынтымақтастық аясында қазақстандық Astana Data Exchange (ADX) пен қытайлық Shanghai Data Exchange (SDE) алғашқы ортақ жобасын қолға алды. Енді дерек өнімдерін ұсынатын компаниялар өз қызметтерін екі елдің платформасына қатар орналастыра алады.

Мұны қарапайым тілмен түсіндірсек, қазақстандық компания Қытай нарығына қажет экономикалық талдау немесе өзге де ақпараттық өнім әзірлесе, оны қытайлық платформа арқылы ұсына алады. Қытай компанияларына да Қазақстан нарығына шығуға жол ашылады.

Бастамаға екі елдің қаржы және ақпараттық технологиялар саласындағы мемлекеттік кәсіпорындары, жеке компаниялары мен салалық бірлестіктері қосылған. Олар деректер нарығын дамыту, цифрлық экономиканы зерттеу және «ақылды қала» жобалары бойынша бірлесіп жұмыс істемек.

Негізі, екі елдің бұл бағыттағы ынтымақтастығы былтыр басталған. 2025 жылы ADX пен SDE стратегиялық әріптестік туралы келісім жасасқан болатын.

Қазақстандағы ADX платформасы ұйымдарға деректерге негізделген өнімдерін тіркеуге, іздеуге және өзара алмасуға мүмкіндік береді. Ол еліміздің Цифрлық кодексіне сәйкес ұлттық тізілімге енгізілген платформалардың бірі.

Ал Шанхайдағы SDE халықаралық дерек алмасу саласындағы жетекші орталықтардың санатына кіреді. 2026 жылы ол Қытайдың ұлттық жүйесінде деректерге қатысты құқықтарды тіркеуге уәкілеттік алған үш мекеменің бірі атанған.

Қазір KoDATA компаниясын қоса алғанда, 11 халықаралық ұйым өз өнімдерін қазақстандық ADX платформасына орналастыруға дайындалып жатыр. Олардың арасында бизнес туралы ақпарат, қаржы, жүк тасымалы, логистика, ғылыми зерттеулер және жасанды интеллект салаларына қатысты өнімдер бар.

Мұндай әріптестік қазақстандық компанияларға да тиімді болуы мүмкін. Мәселен, олар жеке адамдарды анықтауға мүмкіндік бермейтін, біріктірілген деректер негізінде Қытай нарығына арналған талдамалық қызмет ұсына алады.

China Daily Қазақстанның цифрландыру саласындағы жетістіктеріне де тоқталған. Басылымның мәліметінше, елімізде мемлекеттік қызметтердің 90 пайыздан астамы интернет арқылы көрсетіледі. Ал 2025 жылы халықтың төлемдері мен ақша аударымдарының 98,3 пайызы қолма-қол ақшасыз жасалған.

Қазақстанның Digital Qazaqstan стратегиясы жасанды интеллект пен деректерді дамыту бағытындағы басымдықтарды 2029 жылға дейін айқындайды. Ал 2026 жылдың шілдесінде күшіне енген Цифрлық кодекс ұйымдарға тіркелген платформалар арқылы дерек өнімдерін алмасуға мүмкіндік береді.

Қытай да бұл салаға ерекше көңіл бөліп отыр. Ел билігі 2019 жылы деректерді өндірістің маңызды ресурсы ретінде мойындаған. Содан бері Қытайда дерек алмасу алаңдары мен деректерге қатысты құқықтарды тіркейтін ұлттық жүйе құрылған.

Екі елдің жаңа әріптестігі шекарадағы саудаға да әсер етуі мүмкін. Атап айтқанда, тексерілген цифрлық мәліметтерді қауіпсіз алмасу шекаралық бақылау мен кедендік рәсімдеуді жылдамдатуға көмектеседі.

Қазақстан мен Қытай өзара сауда көлемін 100 миллиард долларға жеткізуді көздеп отыр. 2025 жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 48,7 миллиард доллар болған.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу